Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының агросаладағы әлеуетін бағамдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының агросаладағы әлеуетін бағамдады

03.08.2018

Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Ведомство басшысы аймақтың агросаладағы әлеуетін бағамдап, бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар соңында облыс орталығы Түркістанда арнайы семинар-кеңеске қатысып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Каз Киоти» - дала техникасын Оңтүстік Корея үлгісімен құрастырып, сататын облыстағы бірден-бір кәсіпорын. Қазір жылына 6 мың трактор құрастырады. Сапасы жоғары, сервистік қызметі арзан өнімге  сұраныс жоғары. Зауыт жұмысымен танысқан министр бизнес өкіліне мемлекет тарапынан көмек берілетінін айтып, қуантты.

Түркістан облысы республикада  жылыжай салудан көш бастайды. Өңірде 1 325 гектар жер жаңа технологиямен жабдықталған.  Шаруалар мемлекет қолдауы арқасында қомақты табыс тауып отыр. 2025 жылға қарай жылыжай көлемін 1 655 гектарға жеткізу жоспарлануда.

Ерғұлан Ажибеков, шаруашылық директоры:

- 1-қыркүйектен бастап комбайндармен жинаймыз. 10 тонналық 40 «КамАЗ» келеді. Осы алқаптан жинап, зауытқа өңдеуге алып келеміз. Зауыт тәулігіне 600 тоннаға дейін өнім қабылдайды. Сол жерден томат пастасын шығарамыз.

Кәсіпорын былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 3 370 тонна томат концентратын өндірді. Биылғы меже де ауқымды. 2700-2800 тоннаға дейін өнім алып, отандық тамақ өнеркәсібіне серпін беруді көздейді. Агросала алғырларының негізгі жоспарлары Түркістан қаласында арнайы семинар-кеңесте айтылды. Министр ауыл шаруашылығын әрмен дамыту, ілкімді инвестициялық жобаларды жүйелі іске асыру мәселелерін кәсіпкерлермен бірге талдады.

 Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу