Тығырыққа тіреген жауын суы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тығырыққа тіреген жауын суы

22.08.2018

«Бірнеше күн бойы тоқтамай жауған жауын-шашынның салдарынан қаланың реңі кетіп, жаяу жүргіншілер зардап шекті». Бүгінгі Үкімет отырысын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев осындай сөздермен бастады. Төтенше жағдайдың алдын алмаған қала әкімдігі сынға ұшырады. Астана әкімі Әсет Исекешев атқарылып жатқан істер жайын баяндап, коммуналдық қызметтің тікесінен тік тұрып жаңбыр суымен күрескенін алға тарты. Әрі, кәріз су жүйелерінің де әлі жөнделіп жатқаны, жағдайды қиындата түскен.

«Сел түскен күні шулаймыз да, жер кепкен соң ұмытып кетеміз». Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев отырысты бастамас бұрын елорда әкіміне қарата осындай сын айтты. Елордалықтардың құтын қашырып, жүріс-тұрысты қиындатқан жауын салдары бүгінгі Үкімет сағатында алдымен қаралды. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Қала тұрғындары коммуналдық қызметтердің нашар жұмысынан зардап шекпеуі керек. Тұран көшесі мен Момышұлы даңғылы, Бараев көшесіндегі халық көп зардап шегеді. Олардың су астында қалатыны қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты.

1,5 тәулік ішінде 1,5 айлық нормаға тең келетін жауын-шашын түсті. Шаһар басшысы алға тартқан басты уәж осы. 2016 жылы түзілген жобаға сай, келер жылы Астанадағы кәріз жүйесі толық жөнделеді. Ал, қыруар қаржы жұмсап, салып жатқан су ағарлар жауын суынан толық қорғай ма, әлде жоқ па ол енді басқа әңгіме.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

- Төтесінен келген нөсер кезінде кешегідей жағдай қайталана бермек. Биыл заманауи су ағар жүйесі бар Сингапур,  Мәскеу, Киев,  АҚШ, Германия, Франция секілді елдердің ірі қалаларының өзінде де сел кезінде су басқан. 

Ал, ауыл шаруашылығында бәрі ойдағыдай. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан 20 млн. тонна дәнді-дақыл жинаймыз. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Болжамға сай, қазір тоннасы 35 мың теңге тұратын бидай бағасы алдағы уақытта 49 мың теңгеге жетеді деген үміт бар.  Жамбыл және Түркістан облыстарында жиын-терім аяқталған. Ал, Арқа мен солтүстікте науқан бел ортасында.

Бақытжан Сағынтаев жылу беру маусымына дайындықтың тиянақты жүруіне аймақ басшылары тікелей жауапты екенін ескертті. Ал, бұл істің атқарылуы бірінші вице-премьер Асқар Маминге жүктелді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу