Алматы облысында Жарты баба мемориалдық кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында Жарты баба мемориалдық кешені ашылды

30.08.2018

Албан руынан тарайтын Жарты бабаның шын аты Мұсылманбай. Жеті айлық сәбидің денесінің бір бөлігі сал болғандықтан ел-жұрт баланы жарты деп атап кеткен. Ал, көреген қариялар баланың болашағы зор, елін-жұртын бастайтын абыз болады деп болжаған. Бүгінде сол Жарты бабадан тараған ұрпақ бір ел болып тамырын тереңге жайып отыр. Дәл осы ұрпақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ескерткіш салып, Ұйғыр ауданының қалың жұртына табыстады.

Ел ішінде «Жарты аман болса, жалпы аман болады» деген мәтел бар. Себебі, сал туса да, Жарты баба ауа райын болжап, көрегендігімен, шешендігімен, халықты ұйыстыра білген даналығымен ел ішіне даңқы тараған. Шонжы ауылының маңында бой көтерген мемориалдық кешен нақты бір адамның сұлбасы емес, жапырағын жайған бәйтерек ретінде бейнеленген.

Нұрлан Оразалин, жазушы:

- Жалғыз бір бабаға көрсетіліп жатқан құрмет емес. Бүгінгі жиын сол арғы-бергідегі қазақтың қазақ болып қалуына, Алаштың алаш болып туын ұстауына себеп болғаны ондаған, сандаған, мыңдаған бабамызға көрсетіліп жатқан құрмет деп бағалауымыз керек.

Ескерткіш ел-жұрттың ерекше қастерлейтін орнына айналмақ. Шаңырақ көтерген жас жұбайлар үшін де гүл шоқтарын қойып, маңында серуен құратын жер болмақ. Кешенді салуға атсалысқан азаматтар 5 гектар жерді абаттандыруды өз мойындарына алып отыр.

Ызғарбек Бектұрсынов, Алматы облысының құрметті азаматы:

- Әр отбасында, әр атада бірлік болмаса, әр рудың балаларында бірлік болмаса біздің елімізде қалай бірлік болады. Сондықтан да осы жерге ел топтасатын, елдің басы жиналатын осы арқылы ұрпақ тәрбиеленетін бір орталық болсын дедік. Осы жерді ары қарай абаттандырамыз.

Туған жеріне ту тіккен азаматтар мемориалдық кешеннің ашылуына орай ат шаптырып, бәйге ұйымдастырды. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу