Қызылорда облысында ардагерлерді Астанаға қыдырту дәстүрге айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында ардагерлерді Астанаға қыдырту дәстүрге айналған

17.09.2018

Халық көркі қариялар. Қызылорда облысындағы ардагерлер ұйымдарының жұмысы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай. Мұндай бірнеше ауданда ардагерлер үйі ашылған. Онда ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз  күндіз бір мезгіл келіп, газет-журнал оқып, бір-бірімен сырласып,  қоғам өміріне атсалысады. Бұдан бөлек, облыстағы ардагерлерді лек-легімен Астанаға арнайы саяхат ұйымдастыру да дәстүрге айналған.

Биыл да бұл үрдіс жалғасты.  Бүгін Қазалы мен Арал ауданынан 50 зейнеткер келді.  Олар бірнеше күн бойы қаланың көрікті жерлерін аралайды. Барып қайтуы мен қонақүйі тегін. Үнемі жанында жүретін медицина маманы тағы бар.  Жалпы, қызылордалық ардагерлер кеңесінің ұйымшылдығы ерекше.  Тек осы облыста әрбір ауданда ардагерлер үйі бар.

Оразғали Бекбанов, Қызылорда облысы Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

2015 жылы ардагерлер үйін салып берді. Біз бірінші болып үй салдық Қазалыдан. Сол тәжірибеміз біздің республикаға тарады. Бізден кейін 7 ауданның 4-де салынды.

Елордаға экскурсия ұйымдастыру да осындай тың бастаманың бірі. Мұндай саяхат  былтыр  да ұйымдастырылды. «ЭКСПО» көрмесі кезінде бірнеше легпен облыстағы барлық ауданнан ардагерлер келіп, көрмені тамашалады. Ермек Наурызбайұлы 80-нен асса да әлі тың, делегация құрамындағы ең жасы үлкен ардагер.  Алыстан Астанаға арнайы келді. Сыр елінің Астананың  20 жылдығына тартуын өз көзімен көрді.

Ермек Наурызбаев, ардагер:

-Жол жүргенге жасымнан үйренгенмін. Өзім колхозда туған баламын. Өзімнің қатарларымның көпшілігі қазір дүние салды. Ал осы тұрғанда қатарларымның өзінен таяқ ұстамағаны кемде-кем.

Өткен аптада дәл осындай саяхатқа Жаңақорған және Шиелі ауданының ақсақалдары келіп кетті. Келесі айда Байқоңыр мен Қызылорда қалаларының өкілдері келеді. Ардагерлер кеңесі мен облыс әкімдігінің ортақ мақсаты -  ардагерлерімізді ардақтау.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу