Халықты жұмыспен қамтуда олқылықтар да бар – М.Әбілқасымова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықты жұмыспен қамтуда олқылықтар да бар – М.Әбілқасымова

30.10.2018

Жыл басынан бері ел бойынша 327 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында айтты. Министрлер кабинетінің бүгінгі жиынында «Еңбек» пен «Бастау-бизнес» жобаларын іске асыру барысы талқыланды. Атқарылған шаруа мен жұмсалған қаржы бойынша есеп берген Мәдина Әбілқасымова жетістіктермен қатар олқылықтар да жоқ емес екенін мойындады. Осы орайда министр қайта даярлау орталықтары үшін талаптарды қатаңдату керек дегенді айтты.

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл 112 млрд. теңге бөлінді. Қазанға дейін оның арқасында 500 мың қазақстандық кәсіби білім алып, 458 мыңы жұмысқа орналасты. Басым бөлігі тұрақты орындарға ие болды. Дегенмен, Мәдина Әбілқасымова кәсіби даярлаумен айналысатын орталықтарға талапты күшейту қажет деп есептейді. Ол үшін бағдарламаға өзгерістер енгізіледі. Енді мекемелердің материалдық-техникалық базасы мен оқытушылардың кәсібилігі жіті бақыланып, түлектердің ең кемі 60 пайызы жұмысқа тұруы талап етіледі.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Оқыту ұйымдарын сапалы құраммен қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары мен оқу орындарының реестрін қалыптастыруды қарастыруда. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқуды қамтамасыз ету мақсатында қысқамерзімдік оқыту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылардың тізбесін кеңейту және бекіту көзделеді.

«Бастау-бизнес» бағдарламасының да аяқ алысы жаман емес. Биыл 6 мың қазақстандық мемлекеттің қолдауымен микронесие алып, іс бастаған. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүр.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы:

- Биылғы біздің қойған көрсеткішіміз 30 мың адамды барлық 160 аудан орталығы мен 27 мың моноқалада оқыту болатын. Екі облыстан түсініктеме алдық. Қызылорда, Түркістан облыстарының әкімдерінен, яғни, оқытуға берілген қаражаттың жартысы мемлекеттік бюджеттен берілді, екінші жартысы жергілікті бюджеттен берілу керек болатын. Соңғы айларда қаражаттың жетіспеушілігінен көрсеткіш 30 мыңнан 28 мыңға дейін түсірілді.

«Бастау-бизнеске» айтылған сын да ескеріліпті. Бұған дейін кәсіп ашу үшін оқытылғандардың шағын несие алуы ұзаққа созылатын.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы:

- Оқытылып жатқандар мен кредит беру арасы алшақ деп сын айтылды. Ол мәселе түзетілді. Егер 1 шілдеге дейін оқығандар мен кредит алғандардың 16-ақ пайызы кредит алып үлгерсе, қазір 85 пайызға жетті. Айта кетсек, негізгі кредиттің бәрі фонд тарапынан берілді. 

Үкімет басшысы осы олқылықтарды ескере отырып, бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, халықтың жаппай жұмыспен қамтылуына өңір басшылары да жауапты екенін еске салды. Ал, «Еңбектің» жемісі халықтың жалпы табысы өскен кезде де бағаланбақ.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу