2019 жылдан бастап елордадағы мектеп асханаларында ас мәзірі өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2019 жылдан бастап елордадағы мектеп асханаларында ас мәзірі өзгереді

25.12.2018

Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы брифинг барысында айтты. Жаңа ас мәзірі, ең алдымен, 41 мектепке, кейін басқа білім ордаларына енгізілмек. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сай, қаңтардан бастап тамақтану ережелері де жарияланады.

Мектеп асханаларындағы ас мәзірі мен ондағы тамақтың дайындалуы ата-аналар мен кәсіпкерлердің арасында әлі күнге дейін дау тудырып келеді.

Мамандардың зерттеуінше, соңғы кездері мектеп жасындағы балалардың ас қорыту жүйесіне қатысты аурулар көбейген. Одан бөлек, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әрбір бесіншісі артық салмақтың зардабын тартып отыр.

Астаналық Айнұр Шәмшейітованың екі баласы бастауыш сыныпта оқиды.

Айнұр Шәмшейітова, қала тұрғыны:

- Балаларға майы аздау, әр тамаққа дәрумендерді, салаттар қосып беріп отырса, құп болар еді. Балалардың есте сақтау қабілетінің жақсаруы үшін жеміс-жидек, дәрумендері көп тамақтарды қосса, жақсы болар еді.

Жаңа меню бойынша балалар толыққанды тамақтанатын болды. Мәзірдің құрамына жаңа жемістер мен көкөністер қосылмақ.

Мысалы, жаңа меню бойынша, бірінші ауысымда оқитын балаларға сүтке піскен күріш ботқасы, май мен ірімшіктен жасалған бутерброд, алма немесе алмұрт, қант қосылған шай беріледі. Ал, екінші ауысымдағыларға сиырдың етінен жасалған котлет, макарондар, алма, нан және қант қосылған шай ұсынылмақ. Шұжық өнімдері мүлдем берілмейді.

Әнуар Жанғозин, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

- Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тексеруі нәтижесінде қаладағы 14 мектепке азық-түлік жеткізіп отырған тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылады. Жаңа тәртіп бойынша, біз бұрынғыдай әр мектеп және әр директор бөлек-бөлек конкурс жариялаған амал-әдістен бас тарттық. Енді байқау орталықтандырылған тәртіпте жарияланады.

Əнуар Жанғозиннің айтуынша, жаңа ас мәзірінің бағасы әр балаға 355 теңгеден болады. Келесі жылы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 4 млдр. теңге қаражат қарастырылған. Ал, жаңа ас мәзірін Қазақ тағамтану академиясы мақұлдап отыр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу