Бүтін бір әулеттің тарихи жәдігерлерін жинаған қария - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүтін бір әулеттің тарихи жәдігерлерін жинаған қария

06.02.2019

Талдықорғандық әжей бүтін бір әулеттің бірнеше ғасырлық қазынасын сақтап жүр. Әуесхан Мажайқызы үйіне ірілі-ұсақты бір мыңға жуық жәдігер жинаған. Дені бірнеше буын ұрпақ қолданған тұрмыстық бұйымдар. Бағалай білгенге бұл көненің көзі, ескінің ізі, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрдің жаңғырығы. Кейуана бұл жәдігерлер қалың жұрттың көзайымына айналып, өскелеңге өткен күннен сыр шертер құнды мұраға айналса деген ниетте. 

Қарт ана ескі бұйымдардың бірде-біреуін сырттан қосқан жоқ. Бәрін 4-5 буын ұрпақ қолданып, атадан балаға мирас етіп келген. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Әуесхан әжейдің жинаған заттарының басым бөлігі тұрмыстық заттар. Бірақ, осы заттардан бір әулеттің егін шаруашылығымен, диқаншылықпен, мал шаруашылығымен, саятшылықпен, аңшылықпен айналысып, зергерлік, ұсталық, ісмерлік өнерді тең ұстағанын аңғаруға болады.

Әуесхан Мажайқызы ата жұртқа қоныс аударғанда, мүмкіндігінше көп дүние әкелуге тырысқан. Сол үшін шекараны 100 рет кесіп өтіпті. Десе де, біраз дүниені Қытайдағы жергілікті өлкетану музейі алып қалыпты. «Жұртта қалдырмай, буып-түйгендерінің ішіндегі ең ыстығы 116 жылдық тарихы бар мына бесік», - дейді қария. 

Әуесхан Мажайқызы, қала тұрғыны:

- Бұл жерге келгелі осы бесікке 13 бала жатты. Бұл бесікке жатқандардың барлығынан небір мықты адамдар шықты. Бірақ, өзімнің білуімше, елу баладан біреуі шетінеп, қайтыс болған бала жоқ.

Әуесхан әжейдің жиған-тергеніне жергілікті өлкетану музейінің қызметкерлері де қызығып отыр. «Ат әбзелдері, аңшының заттары, ыдыс-аяқ, үш ғасырлық самаурын бәрінің де тарихи құндылығы бар», - дейді мамандар.

Бауыржан Құрманұлы, М.Тынышпаев атындағы Тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Халықаралық музейлер күні болады. Сол күндерге арнап, көшпелі көрме ұйымдастырып, ары қарай бұл кісілердің өздері келісіп жатса, музейлік маңызы бар заттарды музей қорына алуға біз дайынбыз.

Әуесхан әжейдің өзі де 10 саусағынан бал тамған шебер. 13 жасынан кесте тоқып, құрақ құрап, қыз жасауына қажет заттарды келістіріп тігеді. Қарт ананың қолынан шыққан дүниелер де мұра қорын толықтырып тұр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу