Бүгін Қазақ телевизиясының тұңғыш кәсіби режиссері Сәлима Естемесованы әріптестері мен шәкірттері  ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Қазақ телевизиясының тұңғыш кәсіби режиссері Сәлима Естемесованы әріптестері мен шәкірттері  ақтық сапарға шығарып салды

13.02.2019

Бүгін Қазақ телевизиясының тұңғыш кәсіби режиссері Сәлима Естемесованы әріптестері мен шәкірттері  ақтық сапарға шығарып салды. Ол 1925 жылы 8 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Марқакөл ауданы Боран ауылында дүниеге келген. Алтайдың тұмса табиғатынан нәр алған режиссердің өмірі сол таудың шыңдарындай көркем болды.  

«Қазақстан» телерадиокорпарациясының Алматы филиалында өткен қаралы жиынға Сәлима Естемесованың туған-туыстары мен әріптестері келді. Режиссермен шығармашылық ұжымда көп жыл қызмет еткен телеөнер майталмандары естеліктер айтты. Өйткені, оның тағылымды өнер жолы көпке үлгі.

Фатима Бегенбаева, Қазақ телевизиясының ардагері:

Бұл кісімен қоштасып сөйлеу оңай емес. «Құс қанаты қатты болғанымен, мойны бос, тұлпардың тұяғы қатты болғанымен белі бос, адамның мінезі қатты қатал болғанымен көңілі бос», дейді. Бүгін бәріміздің де көңіліміз босап отыр.   

Сәлима Естемесова саналы ғұмырының 42 жылын режиссерлік салаға арнаған жан. Оның 30 жылын «Қазақстан» телеарнасында өткізген. Мәскеудің Луночарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтын тәмамдаған білікті маман қазақ теледидарының дамуына экранның сыртында жүріп өлшеусіз үлес қосты.

Ласкер Сейітов, Қазақ телевизиясының ардагері:

Бұл кісі осы Мәскеуде бітірген нағыз осы телережиссердің пионері десе болады. Бұл кісі әдеби драма редакциясында режиссер болды. Көптеген спектакльдерді қойды.

Режиссердің бастамасымен бірнеше академиялық қойылымдар көгілдір экран арқылы көрерменге жол тартты. Міне, сол кезде атақты режиссер Шәкен Айманов Сәлима Естемесоваға қазақ телеөнерінің ең мықты режиссері, деп баға берген.

Сәлима Естемесова, режиссер, Қазақ телевизиясының ардагері:

Мына Қажы Қорғанов диктор болып істеді. Ой, арқасына бір қамшы салдырмайды-ау. Сөзді қалай әдемі айтады. Былай бастайды. «...Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр деп бастайды. Мұның өзінде қанша мағына жатыр.

94 жыл ғұмыр кешкен кейуана бірге қызмет еткен достарын осылай сағынышпен еске алған еді. Ал, тікелей эфирдің тізгінін ұстап, айтулы бағдарламалардың бас режиссері болған Сәлима Естемесованы әріптестері мен кейінгі толқын мәңгілік есінде сақтайды. Себебі, ол телережиссерлік өнердің шырқау шыңына шыққан тұлға, дейді көзкөргендер.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ      

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.                             

Хабарламаларға жазылу