Су тасқыны қаупіне қарсы оқу-жаттығу өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны қаупіне қарсы оқу-жаттығу өтіп жатыр

28.02.2019

Биыл Алматының 5 өзенінде су тасу қаупі бар. Олар Қарғалы, Ақсай, Есентай, Үлкен және Кіші Алматы. Сондықтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті «Көктем-2019» оқу-жаттығу жиынын бастады. Оған 400-ден астам адам мен 80-ге жуық техника жұмылдырылды. Мегаполистің жеті ауданында өзендердің арнасын кеңейтіп, тазалау жұмыстары жүргізілді.

Бұл - Алатау ауданын кесіп өтетін Қарғалы өзені. Мамандар негізгі күшті осында жұмылдырды. Өйткені қыста ағыны азайғандықтан, өзен суы қатып қалған. Тіпті, көпірлердің асты қалың тоң болып жатыр. Сондықтан күн күрт жылыса, жағаға жақын орналасқан 57 үйге қауіп төніп тұр. Мамандар бүгін 1,5 шақырымнан астам жердің мұзын ойып, өзеннің арнасын тазартты.

Мақсұт Нұрғалиев, Алатау аудандық әкімдігі көріктендіру бөлімінің бас маманы:

- Былтырғы мәселені біз шештік. Енді 6 аймақ бақылауда тұр. Сол мәселені шешу бойынша жұмыстар жасалып жатыр.

Алматыда таудан ағып, қаланы кесіп өтетін 28 өзен бар. Қазір солардың 5-і қауіпті. Осыған байланысты мамандар үш жыл бұрын жүйелі жұмыс жоспарын құрған. Соның нәтижесінде 50 шақырымнан астам өзен арнасы бетонмен қапталып, 100 шақырым арық жүйесі жөндеуден өткен.

Ерлан Әлібеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

- 2016 жылы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны қаупі бар учаскелерді тіркеген болатын. 55 учаскеде қауіп жойылды. Қазіргі Алматы қаласы бойынша 12 учаске ғана қалып отыр.

Мамандардың айтуынша, қалада қар өткен жылмен салыстырғанда 5 есе аз түскен. Бірақ сонда да қауіп болуы мүмкін дейді. Кез келген жағдайға дайын болу үшін арнайы жасақ та құрылған. Оның құрамында 5000 адам бар. Сондай-ақ, жасанды бөгет салуға арналған 3000-нан астам қапшық құм дайындалған.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу