Ақсулық тұрғын қала ортасына киіз үй тігіп, салт-дәстүрімізді дәріптеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсулық тұрғын қала ортасына киіз үй тігіп, салт-дәстүрімізді дәріптеді

23.07.2019

Павлодардың іргесіндегі шағын шаһар Ақсуда жергілікті кәсіпкер ұлттық салт-дәстүрді насихаттаудың тың тәсілін тапты. Ол қаланың қақ ортасында киіз үй тігіп, баланы бесікке бөлеу, тұсаукесер, тұлым қою, сүндетке отырғызу сынды рәсімдерді өткізе бастады. «Сән үшін немесе пайда табу үшін емес, мақсатым - қазақтың тарихи-мәдени бай мұрасын жүйелеп ұрпаққа аманат ету»,- дейді Дәлелхан Әбдіхалық.

Ақсу – шағын ғана қала. Ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға арналған шараға жұрт жарнама бермей-ақ жиналады екен. Бұл жерде балуандар белдесіп, қуаты қайтпаған ер атаулы білек сынасады. Ал күші тасығандар қошқар көтеріп, мәртебесі асса жүлдені үйіне алып кетеді.

Бұл — күнделікті шара. Ара-тұра ұмытылып бара жатқан салт-жоралғылар көрсетіледі. Мәселен, қазақтың бала тәрбиесіне қатысты ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – «ашамайға мінгізу».

Рахманның мінгені жәй тай емес, Сонау Өскеменнен келген нағашыларының бәсіреге деп атаған былтырғы жабағысы.

 

Абайхан Базаркелдіұлы, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны:

Бұл тайды арнаулы Шығыстан әкеліп отырмыз. Бұл қазақтың салт-дәстүрі ұмытылып бара жатқан. Қайтадан жаңғыртып, жиенімізге мінгізіп жатқан біздің сияпатымыз. Осы ат үстінде шыңдалсын-деген ниетпен жиенімізге мінгізіп отырмыз.

 

Бұл жерде күн ара тұсаукесер рәсімі өткізіледі. Жастар батагөй ақсақалдардан тәлім алады. Ежелгі тұрмыстық дүниелер, ат әбзелдері мен қару түрлері таныстырылады. Мәселен, бітеу ағаштан шабылып, ұңғысына бір шегесіз бес бірдей асықты сидырған мына шоқпарды көпшілік суық қару деп қана қабылдауы мүмкін. 

 

Нұрлыбек Бұлжан, алматылық шебер:

12 тасбих қойдым. Жыл он екі ай аспанымыз ашық болсын, жыл он екі ай дүниеге шоқпар ұстар ұлдар келсін деп. Үш тас тұр. Осы дүниеге келген ұрпақ үш жүзден болсын! Үш жүздің баласы мынандай бірлікте болсын. Сол үш жүздің дүниеге келген ұл, қыздары кешегі бабаларымыздың орындалмай қалған арманы алты алашқа әйгілі болсын дегенді білдіреді. Және үкісі ретінде 13 тас бар. Бұл 13, қазақта 13 жылда бір мүшел.

 

Бұл шараның көрсетілімі де, тіпті, сусын шайына дейін тегін.  Бастамашы болған Моңғолиядан елге оралған қандасымыз.

 

Дәлелхан Әбдіхалық, кәсіпкер;

Қазақтың қарашапан киіп шапқылап жүргені емес, мынандай салтымыз, дәстүріміз, дүниеміз болған дегенді жас ұрпаққа көрсету. Сонымен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры». Соның бірі жаңағы 5 жасқа келіп, сүндетке отырып, ат жалын тартып мінген азамат болуы, менің ұрпағым сабақтасып, жалғасып жатыр дегенді үлгі ретінде көрсетіп жатырмыз.

 

Қазаққа сіңісті болған рухани мұра. Осы барды игеру, қорғау, ілгері дамыту бүгінгі ұрпаққа аманат.

 

Болат АМАНБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу