Иран мен Ирак шекарасында болған зілзаладан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 7,3 баллдық жер сілкінісінен құрбан болғандардың саны 400-ден асқан. Тағы 7000-ға жуық адам жараланып, көбі ауыр халде ауруханаларға жеткізілді. Жергілікті құтқарушылар үйінді астынан адамдарды табуға үмітті. Соңғы келіп түскен деректерге жүгінсек, қаза тапқандардың көбі Иранның Керманшах провинциясындағы Сарполь-э-Захаб қаласында болып отыр. Күшті дүмпуден үйлер құлап, талай ғимарат жермен-жексен болған. Көптеген аймақтарда жарық сөніп, су бітіп, байланыс жүйесі зақымданған. Зілзаладан 70 мыңнан астам адам үйсіз қалып, олардың көбі екі түн бойы уақытша шатырларға орналастырылған. БҰҰ-ның өкілдері зардап шеккен елдерге көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Иран мен Ирак шекарасында алапат зілзаладан құрбан болғандардың саны 400-ден асты&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/70961/)