Хуситтер Әр-Риядқа зымыран жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хуситтер Әр-Риядқа зымыран жіберді

20.12.2017

Сауд Арабиясы Йеменнен атылған баллистикалық зымыранды құлатып түсіргенін хабарлады. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл королдік бастаған коалицияны көрші елде бейбіт халықты қырғынға ұшыратты деп айыптап отыр. Вашингтон болса, аймақтағы жағдайдың ушығуына Иран да кінәлі деп есептейді.

Видеоны Йемендегі хуситтердің медиа орталығы жариялады. Хуситтер дегеніміз – шиит-мұсылмандар. Олар бұл ракетаны Саудия астанасы Әр-Риядтағы корольдік сот ғимараты – әл-Ямама сарайына бағыттаған. Осы сәтте бұл мекемеде монархия басшыларының кездесуі өтіп жатты. Хуситтерге сенсек, бұл шабуыл екіжақты жанжалдың жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.

Ал, АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі оқиға үшін дереу Иран Ислам Республикасын айыптады.

Никки Хейли, АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі:

- Әзірге біз дәл осы шабуылдың астарына терең мән берген жоқпыз. Бірақ, бұған дейін жіберілген ракеталардың ізі оның Иранда жасалғанын көрсетті. Бір күні мұндай зымыран көздеген нысанға дәл тиюі мүмкін.

Ал, Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі хуситтер атқан ракетаны құлатып түсіргенін хабарлады. Және де зымыран тұрғындар кварталына бағытталса да, одан ешкім зардап шекпеген.

Осындай шақта Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі өкілі Сауд Арабиясы бастаған коалицияны айыптап отыр. Оның дерегінше, бұл әскери одақтың авиациялық соққыларынан желтоқсанның 6-нан бері 136 бейбіт адам қаза тапты. Айта кетсек, Саудия бастаған коалиция Йеменге 2015 жылы басып кіріп, президент Хадиді елден қашырған ираншыл хуситтерді билікке жібермеуге күш салып отыр. Бірақ, сол әрекет құрбандары – негізінен бейбіт халық.

Руперт Колвилл, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комиссары:

- Біз Йемендегі бейбіт халық арасында құрбандар санының артуына алаңдап отырмыз. Желтоқсанның 6-нан бері 136 адам қаза тауып, 87-сі жараланды. Олардың бәрі авиациялық соққылардан қаза тапты.

Айта кету керек, шииттік Иран мен сүнниттік Сауд Арабиясы қазір Таяу Шығыста ықпал ету үшін бір-бірімен күрес жүргізіп жатыр. Саудия Йеменде ресми үкімет қарулы күштеріне жақтас. Ал, Тегеран шиит-хуситтерді қаруландырып отыр деген күдік бар.

Бұл мемлекетте әскер мен шиит көтерілісшілері арасындағы соғыстан соңғы үш жылда 10 мыңдай адам қаза тауып, 2 миллионнан астамы үйлерін тастап кетті. Тағы милллиондаған адам аштыққа душар болып отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу