Бельгиялық дәрігерлер қазақстандық әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Елдің Монс қаласында тұратын әмбебап дәрігер Дэвид Буйон алғашқылардың бірі болып науқастарға тегін көмек көрсетуді бастады. Осы мақсатта ақ халатты жан арнайы көлік сатып алып, медициналық құралмен жабдықтапты.
Бельгия астанасы Брюссельден 50 шақырым қашықтықта орналасқан Монс қаласы әмбебап дәрігер Дэвид Буйонның арқасында бүкіл елге үлгі болды. 30 жылдық тәжірибесі бар ақ халатты абзал жан медбике жары Элизабетпен бірге осымен екінші ай науқастарға тегін көмек көрсетіп жүр.
Дэвид Буйон, дәрігер:
- Бұл жобаны жасауға кедейлер, баспанасыз, жүріп-тұруы қиын азаматтар түрткі болды. Себебі, олар медициналық көмек түгілі, ыстық тамақтың өзіне зәру. Бойында күш-қуаты, қалтасында ақшасы жоқ жандарға көмек бергім келді. Біз сол үшін Гиппократ антын қабылдадық қой. Өмірде адамдарға жылулық сыйлағаннан артығы жоқ.
Бельгияда жедел-жәрдем шақыру - ақылы. Құны 100 еуродан басталады. Көптің қалтасы көтере бермейтінін білген Дэвид сол жедел жәрдемге ұқсас мына көлікті 55 мың еуроға сатып алыпты.
Көліктің іші шағын аурухана сияқты. Жанға қажетті дәрі-дәрмектің барлығы бар және соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен жабдықталған. Мысалы, мынадай құралдың көмегімен ағзадағы оттегінің мөлшерін, жүрек қағысын анықтауға болады. Ал, мына құралмен дене қызуын өлшейді.
87 жастағы Жозе әжейдің қан қысымы көтеріліп, тыныс алуы қиындаған соң Дэвид дәрігерге қоңырау шалыпты. Ол болса, жеке клиникасындағы жұмысын тастап, дереу осында жеткен.
Жоззе Уатчэ, науқас:
- Бізге жедел, әрі тегін көмек көрсетіп жүрген дәрігерге алғысым шексіз. Бұған дейін қатты ауырсам да, дәрігер шақырмайтынмын. Өйткені, зейнетақым түкке жетпейді. Ал, қазір осы кісі медбикесімен келіп, емдеп, екпеге дейін салып кетеді.
Дэвид пен Элизабета көліктің ішіндегі медициналық кабинетте қан алып, қант диабетімен ауыратындарға инсулин салып, күніне 20 адамға көмек көрсетеді. Жағдайы қиын, операция қажет науқастарды дереу ауруханаға жеткізеді. Емделушілердің дені - жүріп-тұруы қиын қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрғылықты жері жоқ баспанасыздар. Демалыс, мерекені ұмытып, тәулігіне 24 сағат тегін медициналық көмек көрсететін ерлі-зайыптылар болашақта көрші қалалардағы мұқтаж адамдарға да қол ұшын беруді көздеп отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.