Ердоған Израильді «фашистік» ел деп атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ердоған Израильді «фашистік» ел деп атады

24.07.2018

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Израильді фашист әрі нәсілшіл ел деп атады. Өйткені, жақында Израиль өзін тек еврейлердің мемлекеті деп сипаттайтын заң қабылдады.

Ердоған бұл мәлімдемені бүгін биліктегі Әділет және даму партиясының мүшелері алдында жасады. Сол сөзінде ол халықаралық қауымдастықты Израильге қарсы күш біріктіруге шақырды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, Ердоғанға «сириялықтар мен күрдтерді қырып жатқан зұлмат диктатор» деп жауап қайтарды. Ал, Түрік Республикасының басшысы Израильді адамзатқа қарсы қылмыс жасап жатыр деп айыптап отыр. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

- Израиль палестиналықтарды, әсіресе, Иерусалим мен Газада шабуылдап жатыр. Бұл – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс. Израиль өз жерін қорғамақ болған бейбіт палестиналықтарға танкілермен, артиллериямен, ұшақтармен, зымырандармен, снайперлермен жауап қайтарып, өзінің террорист-мемлекет екенін көрсетіп келеді. Ал, оның парламенті қабылдаған заң Израильдің сионистік, фашистік, нәсілшіл ел екенін білдіреді.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу