Қырымда колледжге жасалған шабуыл құрбандарының саны 20-дан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырымда колледжге жасалған шабуыл құрбандарының саны 20-дан асты

18.10.2018

Қырымда колледжге жасалған шабуыл құрбандарының саны 20-дан асты. Тағы жеті адамның жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп отыр. Колледж студентінің неліктен мұндай қадамға барып, өзі оқитын білім ордасын қанға бөктіргені  белгісіз. Оқ атып, бомба жарған Владислав Росляковқа қаза тапқаннан кейін психиатриялық сараптама тағайындалды.

Қырымдағы Керчь қаласында болған қанды оқиға құрбандарының саны 21-ге жетті. Соңғы деректерге қарағанда, жараланғандар шамамен 50-ден асқан. Ресейдің Денсаулық сақтау министірі Вероника Скворцованың мәлімдеуінше, мерт болғандардың 15-і - оқушы. Олардың ішінде кәмелетке толмаған 11 бала бар. Бесеуі - колледж қызметкері. 

Оқ атып, бомба жарған - осы политехникалық колледждің 4-ші курс студенті, 18 жастағы Владислав Росляков. Ол шабуылдан кейін өзіне-өзі қол жұмсады. Полиция әуелде бұл оқиғаны теракт деп болжаған-ды. Ал, Ресей президенті Владимир Путин Сочиде өткен конференцияда шабуылдың мән-жайын анықтау үшін полиция барын салатынын мәлімдеді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Құрбандардың отбасыларының қайғысына ортақтаспын. Зардап шеккендердің тез сауығып кетуіне тілектеспін. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір оқиғаның қылмыс екені анықталды. Шабуыл жасаған адамның неліктен осындай әрекетке барғанын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.

«ВВС»-дің хабарлауынша, қанды оқиға таңертең болған. Әзірге шабуылдың нақты қалай жасалғаны белгісіз. Бір анығы - жарылғыш зат колледж асханасында іске қосылған. Куәгерлердің сөзінше, бомба жарылып, содан кейін атыс басталған. Кейін шабуылшының сөмкесінен тағы бір бомба табылып, полиция оны залалсыздандырғаны белгілі болды.

Күшті дүмпуден ғимараттың бірінші қабатының астан-кестені шыққан. Қазір зардап шеккендердің 40-қа жуығы Қырым және Краснодар ауруханаларында жатыр. Солардың жетеуінің халі - өте ауыр. Жараланғандардың ағзасында зақымдаушы улы заттар табылған. Полицияның сөзінше, құрбандардың көбі оққа ұшқан. Шабуыл кезінде колледж директоры Ольга Гребенникова жұмыс орнында жоқ болған.

Петр Порошенко, Украина президенті:

- Керчьте зұлым оқиға болды. Прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық іс қозғалған. Бұл трагедия біздің де жанымызға қатты батты. Себебі, ол жерде украиналықтар да қаза тапқан. Біз де бұл оқиғаға қайғырамыз.

Шабуылшының денесі кітапханада табылды. Курстастарының сөзінше, Владислав тұйық болғанымен, оның бойынан агрессия байқалмаған. Сондай-ақ, Росляковтың полициямен байланысы да болмаған. Стипендия алып жүретін жігіт, таяуда ғана әлеуметтік желілерден шығып кетіп, ешкіммен араласпай кеткен екен.

Онымен бір топта оқитын студенттерге сенсек, Владислав техникумды ызалы мұғалімдер үшін жек көріп, тіпті оқытушылардан кек аламын деп жүрген. Ал, бұл кадрлар қазанның 13-де бейнекамераға түсті. Онда Росляков дүкеннен қару сатып алып тұр.

Сергей Аксьонов, Қырым әкімшілігінің өкілі:

- Шабуыл жасаған жалғыз адам екені анықталды. Қазір оның сыбайластарының бар-жоғы анықталып жатыр. Ол жарылғыш затты өзі сатып алған, қазір істің мән-жайын ашып айта алмаймын. Колледж директорының сөзінше, ол байсалды, тыныш студент болған.

Владислав осы айда ғана қару қолдануға рұқсат алған. Дегенмен, оның мұндай зұлым әрекетке неліктен барғаны әзірге белгісіз.

Жергілікті тұрғындар колледж алдына жиналып, құрбандарды еске алып, гүл шоқтарын қойды. Ал, Қырымда қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп, Керчте төтенше жағдай жарияланды. Соған байланысты барлық оқу-орындары мен балабақшалар жабылып, үш күн қаралы деп жарияланды.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу