Иран ұзақ қашықтыққа ұшатын жаңа зымыранды таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран ұзақ қашықтыққа ұшатын жаңа зымыранды таныстырды

22.08.2019

Иран өз мамандары жасаған ұзақ қашықтыққа арналған зымыранды көрсетті. Бұл ракеталық жүйе құрлық-әуе сыныбына жатады. Мұны бүгін Ислам Республикасының мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады. Олардың мәліметінше, «Бавар-373» атты жүйе Ресейдің С-300 зымыран кешеніне бәсекелес бола алады. Оны таныстыру рәсіміне президент Хасан Рухани қатысты.

Халықаралық санкциялар мен эмбарголарға байланысты бұл мемлекет шетелден арсенал сатып ала алмайды. Сондықтан Иран қару-жарақ индустриясын өз күшімен кеңейтіп, дамытып жатыр.

Жаңа техника Тегеран мен Вашингтон арасында шиеленіс күшейген шақта жарияланып отыр. Биыл маусымда Иран Американың әскери барлаушы дронын Парсы шығанағында осыған ұқсас зымыранмен атып түсірді. Дегенмен, Құрама Штаттардың мәлімдеуінше, ол дрон Иран аумағына кірмеген.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу