Шекаралық ынтымақтастық нығайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекаралық ынтымақтастық нығайып келеді

23.02.2014
Шекаралық ынтымақтастық нығайып келеді
Өткен ғасырдың соңына қарай әлемдік экономикада АҚШ-тың ықпалы артып, Еуропалық одақ нарықтық бәсекеге бір атаның баласындай ұйымдаса кірген тұста, Азияны жайлаған елдер де аймақтық интеграцияға ден қойып еді.
 
Жалғыз батырдай ғаламдық нарыққа жеке шапқаннан ұтып емес, ұтылып қайтарын түсінді. Көрші-қолаңмен алыс-берісті арттырып, құрығанда ақылдасып отырудың қажеттігін сезді.
 
Тап осы қажеттіліктен Назарбаев интеграцияның дәнегін сеуіп, Еуразиялық Одақ идеясын қозғады. Тәуелсіздік алған осы екен деп тас бүркеніп, ешкімнен ештеңе алмай, әрі ешкімге ештеңе бермей, күн көруге болмайтынын терең түсінді біздің Президент.
 
Бірінде жоқты бірі беріп, тең атаның ұлындай әріптестік байланыс орнатты. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді аймақтық бірлестіктер құрылды. Күні кешегі Кедендік одақ сол кездегі идеялардың жемісі.
 
Кеден одағы құрылғалы бері Шығыс Қазақстан мен Ресейдің Алтай аймағы арасындағы қарым-қатынас та кедергісіз дами бастады. Тауар айналымы артты. Шекаралық ынтымақтастық нығайды. Шығыс облыстың 6 ауданы Алтай аймағымен шекаралас жатыр.
 
Шығыс Қазақстан облысы Алтай аймағына көмір, темір, бидай және түрлі металл өнімдерін сатады. Ал Алтайдан Шығысқа негізінен теміржол вагондары, ағаш өнімдері, жылу станцияларына арналғын түрлі қазандықтар экспортталады.
 
Кедендік одақ құрылғалы бері Алтай аймағының біздің елмен сауда-экономикалық байланысы тың серпін алды. Мұны Барнаулдағы «Сибэнергомаш» зауытының қазіргі тірлігінен айқын аңғаруға болады. Жылу станцияларына қазандықтар жасаумен айналысатын кәсіпорын Қазақ елімен жақсы қарым-қатынас орнатқан.
 
Берік Көшербаев, тілші:
«Сибэнергомаш» зауыты шығарған өнімнің 80 пайызы Қазақстанға сатылады. Сондай-ақ, шикізаттың да басым бөлігі біздің елден әкелінеді. Мысалы, мына құбырлар Қарағандыдан жеткізілген металдан жасалған. Қазіргі уақытта, мұндағы мамандар олардан жылу қазандығының пешін жасап жатыр. Петропавл қаласының тапсырысы бойынша.
 
Петропавлдан бөлек, қазір бұл жерде Астана, Павлодар, Семей, Өскемен қаласы үшін де түрлі қазандықтар жасалып жатыр. Кедендік одақтың арқасында ісіміз өрге домалап, табысымыз молайды, дейді мұндағы мамандар. 
 
Алексей Мельников, қазандық жасау цехы басшысының орынбасары:
Қазақстаннан түсетін тапсырыстар екі-үш есеге көбейді. Кедендік одақтың арқасында кәсіпорынымыздың жұмысы қайта жанданды деуге болады. Қазіргі таңда Қазақстаннан келген 12 тапсырыс бойынша жұмыс істеудеміз. Нақты айтқанда, 7 бу қазандығын және 3 энергетикалық қазандықты жаңадан жасаймыз. Тағы екеуін қайта жөндеп, істен шыққан бөліктерін жаңартамыз.
 
Барнаул қаласының іргесінде орналасқан «Алтайвагон» зауытының да біздің елмен байланысы жақсы. Бұл - бүкіл Ресей бойынша, теміржол вагондарын жасаумен айналысатын ең ірі кәсіпорындардың бірі.
 
70 жылдық тарихы бар зауытта қазір 2600 адам жұмыс істейді. Осы жерде жасалған вагондардың біразы біздің елдегі теміржолдарда жүйткіп жүр. Мәселен, 2013 жылы Өскемендегі «Азия-авто» көлік құрастыру зауыты автокөліктерді тасымалдауға арналған вагондарды осы жерден сатып алған. 
 
Мына вагондар да біраз уақыттан соң, Қазақстанға жіберіледі. Олар еліміздегі ірі көліктік компанияның тапсырысы бойынша шығарылып жатыр. Зауыт мамандарының айтуынша, Кедендік одақтың шарапатын өндіруші де, сатып алушы да көріп отыр. 
 
Татьяна Чернова, «Алтайвагон» ААҚ сату бөлімінің басшысы:
Қазір кедендік ресімдеу жоқ. Бұл бәріміз үшін жақсы болды. Бұрын кедендік төлемдерге кеткен қаржы тауардың құнына қосылатын. Ал қазір вагондар өз бағасымен сатылады. Екіншіден, өнімді тапсырыс берушіге жылдам жеткіземіз, себебі түрлі құжаттарды ресімдеуге уақыт жоғалтпаймыз.
 
Интеграциялық үдерістер шеңберінде Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңес аясында екіжақты қарым-қатынасты нығайту мақсатымен көршілес орналасқан өңірлердің бірінші басшылары соңғы екі-үш жылда бірнеше рет кездесті. 
 
Шекаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері «Алтай – біздің ортақ үйіміз» деп аталатын Халықаралық Үйлестіру кеңесінің аясында да кеңінен талқыланды. Бұл Алтай тауларының бөктерінде орналасқан Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінің кезекті кездесуінде түсірілген кадрлар.
 
Халықаралық Үйлестіру кеңесінің XII отырысы былтыр Алтай аймағының Белокуриха қаласында өткен. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Барнаулға, Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин Шығысқа ресми сапармен жиі-жиі келіп тұрады.
 
Мұндай шаралардың барлығы шекаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Кездесулер барысында бірігіп жұмыс істеу жолдары талқыланып, түрлі саланы қамтыған меморандумдарға қол қойылады. Бүгінде бұл кездесу мен келісімдердің оң нәтижесі көзге анық көрініп тұр.
 
Александр Карлин, Алтай өлкесінің губернаторы:
Соңғы жылдары, бұрынғымен салыстырғанда, сіздерден көбірек сатып алатын болдық. Бұл, Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатыр деген сөз. Кәсіпорындарыңыз халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті тауар өндіріп жатыр. Шығыс Қазақстан мен біздің аймақтың өзара экономикалық байланысы жылдан жылға нығайып келеді. Бұл, әрине бәріміз үшін жақсы.
 
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда Ресей Федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп тұрған 250-ден астам кәсіпорын бар. Олардың 40-қа жуығы осы Алтай аймағынан.
 
Кедендік одақтың арқасында орта және шағын бизнес өкілдері де өз тауарларын Ресей нарығына шығара бастаған. Мысалы, Семей ет комбинаты таяуда Барнаулда сауда өкілдігін ашты.
 
Александр Очкалов, «Семей ет комбинаты» ЖШС-ның Барнаул қаласындағы өкілі:
Базамызға толайым бағамен сатып алушылар келіп жатыр. Біздің өнімнің сапасын көріп, тұрақты клиентке айналған кісілер көп. Осылайша, біртіндеп тауарымызды Барнаул қаласының нарығына кіргізіп жатырмыз. Болашақта, Новосібір, Бийск және осы Алтайдың өзге қалаларында да сатамыз деп жоспарлап отырмыз.
 
Қазақстандық кәсіпкерлерге Барнаулда жәрдемдесіп жүрген мамандардың бірі - Мұрат Бекмұратов. Ресми лауазымы - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің Алтай аймағы бойынша уәкілі.
 
Барнаул қаласында тұратын қандасымыз Семей ет комбинатына да Алтай өлкесінің нарығына кіруге көмектескен. Тауардың сапасы жақсы, сондықтан, бұл бастаманың болашағы зор екеніне сенімді.
 
Мұрат Бекмұратов, ҚР-ның Ресейдегі сауда өкілдігінің Алтай өлкесі бойынша уәкілі:
Сертификат бойынша көмектестім, ветеринария, және СЭС-ті өттік. Сонда санитарлық дәрігерлер, зерттеу жүргізгенде таңғалдық, дейді. Таза ет. Сертификаттан өткен соң, бірінші партиясын алып келген, 1 тонна, соның бәрін СЭС-тің өзі сатып алды. 
 
Шығыс өңірі Алтай өлкесімен білім, мәдениет, медицина, ауыл шаруашылығы, туризм және спорт саласында тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, бұл Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің түлектері.
 
Қазіргі таңда Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясының магистратурасында оқып жатыр. 
 
Нұрбек Қақабаев, Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясының магистранты:
Университеттердің арасында келісімшарт болған, студенттерді ауыстырып оқыту бойынша. Электронды хат келіп, шақырды. 
 
 Іңкәр Ахметова, Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясының магистранты:
 Біз мұнда екі жыл оқимыз. Содан соң бізге тарих магистры деген дәреже беріледі. Ал ана жақта біз тарихтың бакалавры болып шыққанбыз. Бұйырса, енді 1,5 жыл қалды.
 
Бүгінде Ресейдің Алтай аймағында 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Олар жат жерде жүрсе де, ұлттық құндылықтарды ұмытқан емес. Барнаул қаласында екі қазақ тілі мен мәдениеті орталығы бар. Мұнда қандастарымыз және өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп, мәдениет және салт-дәстүрді бойына сіңіреді.
 
Білімін Барнаулда жетілдіріп жатқан жастар осы орталықтармен тығыз байланыста. Жалпы, интеграцияның игілігі мол екенін екі өңірдің тұрғындары анық біледі. Мұндай ынтымақтастық экономикалық байланысты нығайтып, әр елдегі халықтың әл-ауқатын жақсартады.
 
Алтай аймағындағы мамандардың пікірі осыған саяды. Шығыс Қазақстан облысы да Кедендік одақ шеңберінде шекаралық ықпалдастықты нығайтуға бар күшін салуда, себебі, ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу