Қазақ әйелі қай істе де ер-азаматтан кем түспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ әйелі қай істе де ер-азаматтан кем түспейді

09.03.2014
Қазақ әйелі қай істе де ер-азаматтан кем түспейді

Еліміздегі экономикалық белсенді 8 миллион адамның жартысынан астамы - әйел. Олар ошақ отын маздатып отбасында ғана отырған жоқ, Отан алдындағы міндеттерін де атқарып жүр.

 
Әр салада, әр деңгейде, әлі жеткенше ер-азаматтармен тізе түйістіре еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді. Мысалы, білім мен денсаулық сақтау саласында жүргендердің 90 пайызы - қыз-келіншек, ал Парламент депутаттарының 22 пайызы - әйел. Үш-төрт министр, түрлі деңгейдегі 260 әкім бар. Демек, «қазақ әйелі» ерге серік қана емес, елге де берік тірек бола біледі.
 
Әдетте, қазақ әйелінің өмірі былайша өріледі: бой жетіп, босаға өзгертіп, тұрмыс құрып, қыз дәуренмен қош айтысқан соң, қызметке тұрады. Балалы-шағалы болады. Жұмыстың қамын, тұрмыстың жайын ойлап, біресе жылаған баласын уатып, біресе күйеуінің көңілін аулайды.
 
Еркек атаулы тау қопарып, тас үгіткендей кешкілік үйге сүрін-қабына жеткенде, әйелдер қазан-ошақты жағалап, ас қамдайды. Шаршадым демейді. Қабақ шытып, ыдыс-аяқты қағыстырса, отбасының берекесі кетерін жақсы біледі, сондықтан, бар ашуын ақылға жеңдіріп, жабықса да жайраңдап жүреді. Жымиып күледі. Сөйтіп, үй ішіне шаттық сыйлап, жылылықтың нұрын себеді.
 
Үш түрлі кейіпкер. Үш түрлі саланың адамы. Бірі әкім, екіншісі дәнекерлеуші, үшіншісі кран басқарушы. Бірақ, үшеуінің де жанында жары, бауырында баласы бар.
 
Ол бұл әлемге қызғылт көзілдірікпен қарамайды. Өмірдің ащы-тұщысынан қатар дәм тата жүріп, дәнекерлеуші кәсібін игерді. Цехқа кіргенде әйел екенін де ұмытады. Отты жарқ-жұрқ шашыратып, темірді темірге жалғайды. Алғашында жолдасына көмектесіп қана жүрген. Кейіннен Қытайда арнайы оқыды да, кәсіби дәнекерлеуші болып шыға келді. Айтуынша, жұмыс ол үшін қиын емес.
 
Ардақ Жүнісбек, жеке кәсіпкер:
Жұмыс істеп, ақша тапсақ, баламызды оқытсақ, сол керек қой. Отанымызға келдік, бұл жұмысты мен ауыр демеймін. Қазақстанға жетсек қой дедік. Арманымызға жеттік. Мұндай жұмысты істемеймін, Қытайда мұны істеген жоқпын демеймін. Қалай істесем де, не істесем де өз Отанымда нәпақамды тауып жүрмін. Маған жалған намыс керек емес.
 
Қазір ауыл халқының басым бөлігі Ардақ жасаған темір пештерді пайдаланып жүр. Пештен бөлек, темірді қиып, қақпа сыртына ою ояды. Бірақ, үйдегі Ардақ мүлдем бөлек. Темірден түйін түйген шебер енді ине-жіпті қолға алды. Оның қолынан шыққан құрақ көрпелер үлкен сұранысқа ие. Қолы қалт етсе, тапсырыс қабылдайды.
 
Мәдина апа наурызда киетін кимешекке, бір-екі қоржынға тапсырыс бере келіпті. Қолы алтын шеберді ауылды былай қойғанда, қаладағылар да жақсы таниды.
 
Мәдина Сәпиева, Астана қаласының тұрғыны:
Үлкен кісі болғаннан кейін қонаққа көп барамыз біз. Қыз ұзату тойы болады, келін түсіру тойы болады. Сол жерде ылғи Ардақтың қолтаңбасын көремін. Ардақтың қалтасы, Ардақтың сырмағы, Ардақтың көрпелері деп жатады. Бұл еркектің, әйелдің жұмысы демейді, жақсы адам. Үй болғаннан кейін білекті түріп тастап істеу керек.
 
Айнұр Омар, тілші:
Бақыттың баспалдағы қиындықтан тұрады. Оның басына тек талмайтындар ғана шығады. Біздің кейіпкеріміз биіктікті бағындырып жүрген жан. Бірақ ол оны бақыт деп те, мансап деп те ұққан емес. Ол үшін кранның төбесінде жұмыс істеу - тек қана кәсіп.
 
Әркімге өзінің шыққан тауы биік. Галя құрылыс компаниясының бірінде кран машинисі болып жұмыс істейді. Бәлкім, кранды басқару аса қиын емес шығар. Бірақ, оның басына дейін темір басқышпен, сақтандыру белдігінсіз өрмелеп шығу екінің бірінің қолынан келмейді.
 
Галя Давлетова, кран машинисі:
Нағыз ер-азаматтарға лайық жұмыс. Бірақ, мен әбден үйреніп кеттім. Кран басқарып жүргеніме 32 жыл болыпты. Жолдасым да, балаларым да қарсы емес. Кәдімгі жұмыс деп қана қабылдайды.
 
56 жастағы Галя кранның ұшар басына өрмелей жөнелгенде демімізді ішімізе тарттық. Бірақ, ол 25-30 метрлік биіктікке күніне кем дегенде 3 шығып, 3 түседі.
 
Галя Давлетова, кран машинисі:
Мен биіктен қорықпаймын. Өзімді жерде жүргендей еркін сезінемін. 
 
Галя биіктікті жақсы көреді. Өзі салған ғимараттар мен тұрғын үйлер кран үстінен анық көрінеді. Бойын мақтаныш кернейді. Өйткені, қаланы көркейтуге теңдессіз үлес қосып жатыр.
 
Айнұр Омар, тілші:
Кейбіреулер үшін әкім болу үлкен лауазым. Жұмсақ креслоң, астыңда көлігің, беделің бар. Ал ауыл әкімі болу қалай? Қыс болса, тау болып үйілген қар, жаз болса, балшық пен шалшықты тазалау сол ауыл әкімінің міндетіне кіреді.
 
Ал бұл әкім. Әйел әкім. Әкім болғанда да халқы 17 мыңнан асқан, қыс болса қар, жаз болса балшық басатын ең проблемалы ауыл - Қараөткелдің әкімі – Айнагүл.
 
Айнагүл Көңбайқызы, Целиноград ауданы Қараөткел ауылының әкімі:
Еркектің жұмысы, әйелдің жұмысы деп жұмыс бөлінбейді, ешқашан. Менің санамда «Әкіммін» деген ғана ұғым бар. Біздің аудан басшысы айтады, сіздер әйел емессіздер, сіздер әкімсіздер дейді. Әкім деген бізде бір жаңа нәсіл пайда болып жатыр.
 
Ауданда Айнагүл ғана емес, 4 әкім әйел бар. Олардың ішіндегі, жалпы Қазақстандағы ең жас әкім осы кісі.
 
Айнагүл Көңбайқызы, Целиноград ауданы Қараөткел ауылының әкімі:
Халықтың бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Ұнаймын деп тырыспаймын да. Біреуге ұнау үшін жұмыс істемеймін. Біреуге пайдам тисін деп жұмыс   істеймін. Пайдам тисе, халық та ризашылығын білдіреді. Адам өз ісіне риза болғанда, ләззаттың тәттісі - сол.
 
Үстіндегі қазақы әшекейін сұхбат беремін деп таққан жоқ. Жұмыс киімім осы дейді. Мұның өзі ауылдағы зергер кәсіпкерге жарнама дейді. Шенеунікпін деп шіреніп отырған жоқ. Маникюр де, мерекелік «мейк-ап» та жоқ.
 
Сұхбат аяқтала сала, әшекейдің бәрі стол үстінде қалды. Екінші жұмыс киімі осы. Енді қар күреуге кетуі керек. Бірақ шағым айтып, көмек сұрап келген ауылдықтар толассыз келеді. Оларды да қабылдап үлгеру қажет.
 
Әкім енді қар күреуге бет алды. Ешкімге дәл өзімдей сенбеймін дейді. Сондықтан, шопырдың қасына отырып, қар басқан учаскелерді тазалауға өзі бірге аттанады.
 
Айнагүл Көңбайқызы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылының әкімі:
Қыстың күні мынандай жылы киінеміз. Туфлимен, шубамен келе алмайсыз ғой. Туфлимен, шубамен келіп тұрсаңыз, адамның сізге сенімі жоғалады. Айтады, әй мына әкім, не әкім, аппақ шуба киіп алып, тракторға қалай мінбек деп. Тракторға мінемін, сосын әр қайсысын шығарып аламын, сізге қай жер керек деп. Еш жалған, жасандылығы жоқ. Жұмысымыз осы.
 
Көлік қалың қарды бұзып-жарып келеді. Кабинада Айнагүл.
 
Үш кейіпкер, үш тағдыр. Олар мақсат қойды, жетті. Ардақ цехтың үстінен мейрамхана ашсам, қыздарға кесте тігіп білгенімді үйретсем дейді. Галя зейнет жасына дейін аман-есен жетіп, бала-шаға, немерелерімнің қасында мамыражай күн кешсем дейді.
 
Айнагүл ауыл мәселесін жоғары мінберден көтеретін күнге жетсем дейді. Олардың басты тілектері біреу. Ол – елдің аман, жұрттың тыныш болуы.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу