Оңтүстік Қазақстан облысында құжатсыз мигранттар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында құжатсыз мигранттар көбейген

28.09.2014
Оңтүстік Қазақстан облысында құжатсыз мигранттар көбейген

Биыл, осы аптада Қазақстан халқы алғаш рет «Еңбек күнін» атап өтті. Елбасы отандастарды мерекемен құттықтап, «Әрбір қазақстандықтың лайықты, адал және кәсіби еңбегі Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына кіруінің кепілі болмақ», деді.  Иә, еңбекпен экономика дамиды.

Экономика дамыған соң ел азаматтары нәпақасын бөтен жерден емес, туған елден тереді. Әйтпесе, өз елінде жұмыс таппай біздің елге келген талай гастарбайтер, мигранттарды көріп жүрміз.  Бұл көші-қонның қауіпті тұстары көп. Діннің атын жамылып, сананы улайтындары да, қылмыс жасайтындары да, бүлік тудыратындары да бар.

Бірақ, оларға «қайдан келдің, не істеп жүрсің?», дейтіндер аз. Әр салаға тұмсықтарын сұғып, өзіміздің жігіттерді шетке ысырып шығарды. Саясаттанушылар «бұл мәселені реттемесе болмайды», дейді.

Өзбек жігіттері, өзбек әні. Бірі кірпіш қалайды, бірі сылақ сылайды. Әрқайсысының өз мұңы, тағдыры, өз тауқыметі бар.

Жамалдың жасы - 20-да. Мамандығы - жол салушы. Көпбалалы отбасыдан шыққан оған көп ақша керек. Ал Аврардың  әкесі - мүгедек. Бүйрегіне бес рет ота жасатқан. Сондықтан, үйінің арқасүйері - жалғыз өзі. 

Күні-түні тынбай, үй салады. Жеркепеде жатып-ақ бергеніңді алады, ақшаны күреп тауып ата-анасының қалтасына салады. Мына төрт жігіт төрт жылдан бері біздің елде. Жұмыс істеуге заңды рұқсаты бар.

Қазір бізде уақытша 1 миллион шетел еңбек мигранты тіркелген. Соның ішінде 820 мыңдайы - ТМД азаматы, ал, қалған 180 мыңы - алыс шетелден келген.

Сапарбек Умиралиев, Өзбекстан Республикасының азаматы:

 Бала-шағаға нан керек қой. Ол жақта  табыс аз болған соң осы жаққа келеміз.

Бірақ, заңсыз, ешбір құжатсыз біздің елде тайраңдап жүрген талай шетел баласы бар. Осы апта тәртіп сақшылары  Шымкенттің іргесіндегі кірпіш зауытына рейд жүргізді. Тосын тексерістің боларын білмеген жұмысшылар жан-жаққа қаша жөнелді. Бірі талдың тасасына тығылды, енді бірі сай-сайды жағалап кетті.

Қашқандар - күндізгі ауысымның жұмысшылары. Ал, түнгі ауысымда істейтіндер мына ғимаратта демалып жатыр екен. Санитарлық талапқа сай келмейтін жерде тынығып жатқандарды полицейлер оятып алды.

Нұрдәулет Төлегенұлы, ОҚО ІІД Көші-қон басқарма басшысының орынбасары:

Құжаты жоқ 101 адам орналастырылды. 95 азаматтың ҚР болу мерзімдері қысқартылып, шетел азаматтарын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен 50, шетелдіктердің жүмыс күшін заңсыз пайдаланған 15 Қазақстан азаматы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Несие алып, бір қазақ, бес өзбек жалдап, жұмысымызды бітіруге дағдыландық. Ақша бізден, еңбек өзгеден. Бірақ, Қазақстаннан кеткен сол қаржы басқаның экономикасына жұмыс істейді. Көршіні байытады. Бұл бірінші.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Бізде қазір 700 мыңдай ортаазиялық жұмысшы бар. 60 мыңдай рұқсат етілген, шақырылған жұмысшылар бар. Олар еліміздің ұлттық және долларлау қорын азайтуға себеп болады.

Мысалы, бір Ресейдің өзінде 2012 жылы 21 миллиард доллар сыртқа кеткен. Биылғы жылдың бір тоқсанында 5,7 миллиард доллар Орталық Азияны аралап кеткен.

Еліміз бойынша мұндай нақты мәлімет жоқ. Бірақ, біздегі гастарбайтерлердің де қыруар қаржыны сыртқа әкетіп жатқаны ақиқат.

Екіншіден, еңбек мигранттарынан келетін шығын тек ақшалай емес. Еңбек қолын да арзандатады. Тиісінше айлық төмендейді, үшінші, техникалық прогресс тежеледі.

Комбайнмен істеудің қажеті не, егер де өзбектер барлық мақтаны қолмен теріп берсе, жолға асфальт төсеуге техниканы көп қолданудың қажеті не, тәжіктер күрекпен жасап берсе.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Әлеуметтік, содан кейін ұлтаралық қақтығыстар туғызуы мүмкін. Өздеріңізге белгілі, бірақтар нысандарда қазақтармен басқа мемлекеттен келген мигрант гастарбайтерлер төбелесті. Ол жақсы емес.

Былтыр мигранттардың қатысуымен 1500 қылмыстық іс тіркелген. Күні кеше Алматыда бір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, бала-шағаны қан-жоса қылып қырып кеткен де осылар емес пе еді?

Алайда, халықаралық құқық бойынша, біз мигранттарды қуа алмаймыз. Бұл - фашизм саналады. Керісінше, оларға көмектесуіміз керек. Ем-домы, мектеп, балабақшасы біздің мойында. Яғни, төртінші мәселе әлеуметтік салмағы көп. Мұны қойшы, ең негізгісі, ұлт қауіпсіздігіне де қатері мол.

Әзімбай Ғали,  саясаттанушы:

Уақыт өте келе өзбектер, тәжіктер бізбен орыс тілінде сөйлесетін болады. Қазақша білмейді, білгісі келмейді. Орнықса олар көшіп кетпейді. Өйткені, Өзбекстанда жағдай тым ауыр.  Сондықтан, бұл демографиялық қауіпсіздік, ұлттық қауіпсіздікке нұқсандығы бар.

Әсем Изатқызы, тілші:

Заңды, заңсыз жүрген шетелдік азаматтар расында көп бізде. Кәуапты ұйғыр пісіреді. Самсаны өзбек дайындап береді. Донерді түріктерден аламыз. Тіпті, құрылысқа да қырғыз, өзбек ағайынды саламыз. Сонда біздің қазақ қалай күн көріп жүр?

Елдегі азаматтардың 28,7 пайызының тұрақты жұмысы жоқ. 4,2 пайызы мүлдем жұмыссыз. Яғни, 100 мыңнан астам қазақстандық ел ішінде жұмыс іздейді. Қолдарына қапшықтарын ұстап, көше бойларында күшін сатып жүр.

Қаныбек ағаның Астанадағы базарда жұмыс күтіп жүргеніне үш жылдан асты. Үш баласы бар. Жары 12 жыл бұрын қайтыс болған.

Табыс бірде болады, бірде болмайды. Барлық жерге барсаң, айырқалпақ ағайын мен қырлы тақиялы көршілер, дейді. Иә, біздің тепсе темір үзетін жігіттер жұмыс таппай тентіреп жүр.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Мен жазда Джалал-Абадта болдым. Барлық облыс орталықтарында еркек атаулы көзге ілінбейді. Көбі Ресейде, қалғаны Қазақстанда. Соғыстан кейінгі жағдай сияқты. Ол елде тек қана дәрменсіздер қалды. Сондықтан, бұл - үлкен мәселе

Иә, мигранттар мәселесі - жаһандық мәселе. АҚШ-та мексикалықтар, Еуропада сығандар, африкалықтар, арабтар қаптап жүр. Арасында ортаазиялықтардың да саны аз емес.

Кезінде есігін айқара ашқан алпауыт елдер енді келімсектерден құтыла алмайды. Өйткені, Заң бар. Олардың құқықтарын БҰҰ қорғайды. Олардың мәліметінше, әлемдегі мигранттар саны - 230 миллион. Мәселен, АҚШ-та 46 миллион, Ресейде 11 миллион келімсек жүр.

Ал, Қазақстан - 9-шы орында. Біздің елде соңғы жылдары 1 миллион гастарбайтер келген.  

Әкім Ысқақ, қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының авторы:

Біздің ең үлкен мақсатымыз - тәуелсіздігімізді нығайту. Қазіргі алмағайып заманда өскеніміз дұрыс, байығанымыз дұрыс, бірақ, өзге ұлт өкілдерін жұмсаймыз, деп, тәуелсіздігімізді, қазақы мінезімізді жоғалтпауымыз керек.

Күрмелген мәселені қалай шешеміз? Мигранттар мәселесін қазір қолға алмасақ,  5-6 жылда Еуропаның кебін киіп қалмасымызға кім кепіл?

Өйткені, алдағы 3-4 он жылдықта Еуропа «Келімсекияға» немесе «Мигрантстанға» айналады, деген қауіп бар. 

Ғалым КӘЛМЕН

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу