Шырайлы Шымкент – Президенттің ұдайы назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шырайлы Шымкент – Президенттің ұдайы назарында

07.12.2014
Шырайлы Шымкент – Президенттің ұдайы назарында

Жыл он екі ай жапырағы қамқадай, топырағы торқадай тұратын, суықты сезбейтін, өзге өңір аяз-боранмен арпалысып жатқанда, қысында бәйшешек гүлдейтін өңір ол – Оңтүстік Қазақстан облысы. Тек күтіп-баптай біл, Жер-ана ризық-несібесін аямай береді. Бұл ретте жер төсін емген еңбекқор оңтүстік шаруаларының есебі түгел.

Көпсінбесін дейік, құрсақ кеңейіп, жыл өткен сайын 3 миллионға жуықтап келе жатқан, келешекте мегаполиске айналуы әбден мүмкін бұл өңір, орталығы шырайлы Шымкент – Президенттің ұдайы назарында.

Түркіменстан-Иран сапарынан соң Мемлекет басшысы Астанаға тартпай, бірден осы өңірге ұшып барды. Халықтың әл-ауқаты қалай, аймақта не тындырылып жатыр, күнгей-көлеңкелі мәселе бар ма, бұл Елбасының әкімдерді қаққан қазықтай тұрғызып, ең алдымен сұрайтыны.

Сәулетті болуға, дәулетті болуға тырысып жүрген Оңтүстік Қазақстан облысы Президент сапары қарсаңында іскерліктерін көрсетіп, бірнеше әлеуметтік-мәдени нысанын ашуға қам жасапты. Қандай нысандар, игілігі қайсы?

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент шаһарының аумағы бірден үш есеге кеңейеді. Аймақ басшысы өткен жылы ғана шаһардың бас жоспарын  Елбасына  таныстырды.

Мемлекет басшысы Шымкентті үлкейту, жаңа  әкімшілік, әлеуметтік  нысандарды салу жөнінде тапсырма беріп, бас жоспарды өзі бекітіп берді. Шымкент Қазір қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталық бой көтерді.

Аумағы 1600 гектар болатын бұл аймақта әзірге 12 нысанның құрылысы бітіп тұр. Жиыны 26 жоба жүзеге асады. Әкімшілік-іскерлік кешенді аяқтауға облыс 82 миллиард теңге жұмсайды. Қаражаттың төрттен бірі бюджеттен, қалғаны жекенің инвестициясы.

Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Тұрғын  үйлердің жалпы аумағы 470 мың шаршы метр.  Қаражат он алты миллиард республика бюджетінен,  жиырма алты миллиард  облыс бюджетінен қарастырылған.

Жаңа ауданда жақында ғана құрылысы біткен ғимарат «Түркістан» сарайы. Мұнда     Елбасына өңірдегі озық жобалардың тізбегі таныстырылды. Аймақ индустриаландыру картасы бойынша 170 жобаны іске асырғалы отыр.

104-ін пайдалануға беріп, тоғыз мың жұмыс орнын  ашты. Бірақ, тындырылған шаруаға тоқмейілсімей, индустриялық   өндірістердің қатарына тағы да 53 жобаны қосты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бес жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы екі есеге өсті, 300-ден астам мектеп пен 280 жаңа медициналық нысан іске қосылды. Оңтүстікте өндіріс те, халықтың тұрмысы да, жастардың білім деңгейі де өсіп келе жатыр.

Елбасы Шымкентті заманауи урбанистік орталыққа айналдыруды тапсырған еді. Шаһар Астана мен Алматыдан кейінгі  инвестиция көп шоғырланған, халықтың тұрмысына жайлы қалалардың біріне айналуы керек.

Қарқынды құрылыс алаңына айналған қаланың  тұрғындары  көшелер көз алдымызда көркейіп келеді дейді. Тұрмысы түзелген талай шаңырақтың аманатын Елбасына әулет ақсақалдары, этномәдени орталық төрағалары жеткізді 

«Түркістан» сарайында бұдан былай облыс деңгейіндегі үлкен мәдени шаралар ұйымдастырылады. Мұндай кең әрі зәулім мәдени  ғимарат аймақта бірінші рет салынып отыр. Сарайдағы  көрермен залының өзіне 1400 адам еркін сыйып кетеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Автокөлік жолы бітіп жатыр, Түркістанға бір сағатта барасыздар. Газ құбыры, теміржол салынып жатыр.  Шымкент жол торабында тұр.  Шырайлы Шымкент шаһары болады.

«Түркістан» сарайына қарсы тұрған жаңа драма театрының құрылысы да жақында аяқталды. Көп ұзамай  ескі ғимаратта отырған ұжым акустикасы тұнық, көрермен залы кең, алаңы сегіз жарым мың шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратқа көшіп келеді. 

Өнерге деген деген қамқорлық үшін ұжым Елбасына алғысын айтты. Ал, Мемлекет басшысы театр ұрпақ тәрбиесі деген үлкен міндет жолында қызмет ететінін айта келе қойылымдар арқылы талайға ой салып, руханиятқа ерекше  мән беруге шақырды.  

Игорь Вербицкий, облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

Біз бас шаһардай болуға еліктейміз. Астанадан үйренеміз өнер  жағына келгенде де  сол  деңгейге жақындауға тырысамыз.

Ал, мынау  Шымкенттегі ең  еңселі ғимарат. Елбасы бүгін 12 қабатты бес жұлдызды қонақүйді  ашты. «Риксос Хадиша» – Қазақстандағы осы аттас халықаралық қонақүй желісінің төртіншісі. Бірақ, алдыңғыларынан ғимараттың артықшылығы ерекше сәулетінде жатыр. 

Құрылыс материалдары Италиядан, Армениядан, жиһаздары да сол Италиядан әкелінді.  Қонақүйде  177 бөлме бар. Төрт мейрамхана, толып жатқан  қосымша қызмет көрсету залдары бар. Жобаны жүзеге асыруға инвестор 80 миллион АҚШ долларын жұмсады.

Серік Сейтжанов, кәсіпкер:

Елбасына рахмет. Сапасы өте жоғары  деңгейде. Артықшылығы архитектурасыда, бөлмелері үлкен, ол басқа «Риксостарда» жоқ.  Қазір  125 қызметкер жұмысқа алынды.

Өңірде кешенді бизнесті жолға қойған  кәсіпкерлер бар. Олар өндірістерді жаңалап, қуатын арттыруда. Жаңасын іске қосуда. Бірақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмыт қалдырып жатқан жоқ. Кәсіпкерлер сол жобалардың бірсыпырасын Елбасына көрсетті.

Шымкентке Елбасының сапары кезінде барлығы  алты нысан ашылды. Жаңа  орталықтың маңында жетпіс гектар жерде тарихи мәдени аймақ орналасты. Бұл маңда  «Наурыз» алаңы бар, онда тарихи ескерткіштер орнатылды.

Кешен ішінен Тарихи өлкетану мұражайы мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы да салынды. Жаңа мәдени нысан қызметкерлері ұлт дәстүрін, халықтардың  әдет-ғұрпын  терең зерттейді. Бұл насан  елдегі ең алғашқы дидактикалық орталыққа айналады.

Хасан Бациев, шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы:

Бұл ғимарат достықтың шын негізін зерттеп, соның қорын жасайды. Себебі, көп мәселелер дәстүр әр халықта әртүрі болғанымен бірігіп жасалып жатқан дәстүрлер бар.

Аймақ қарқынды дамып келе жатыр.  Кешенді құрылыстар, жаңа нысандар ауқымды инвестиция  өңір билігінің де, аймақ халқының да еңбектен  қашпайтынын,  тыным таппайтынын  көрсетеді.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу