Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына барды

29.03.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына барды

Шуақты өңір Шымкентте Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы монумент ірге көтерді.  Ал, мән-мазмұны терең атаулы күнді дүйім ел болып, осы қоңыр күзде қоңсылас жатқан Жамбыл облысында атап өтеміз.

Бұл сұғын қадаған сырт көздің «Қазақта мемлекет болмаған» деген сумақы сөзіне берілген лайықты жауап қана емес, бұл тарихымыздың салмағын арттырып, бірлігіміз бен берекемізді жер-жаһанға паш қылар Қазақ хандығының 550 жылдығы болмақ.

Шымкенттен шығып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әулиеата жеріне, орталығы Тараз қаласына барды. Жұмыс сапарымен. Талай жұмыр бастыны сырқатынан сауықтырып, ажалмен арпалысқандарға өмір сыйлаған дәрігерлермен дидарласты.

Жаңа технологияларды игеріп, білімдерін ел игілігіне жұмсамақ жастармен жүздесті. Береке-бірлікке ұйып, ұдайы ұлттар татулығын ұрпағына ұлағат қылған ұлыстармен кездесті.

Ассамблея жылына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» деп аталған форумға арнайы қатысты. Президенттің меңзегені бір-ақ нәрсе, бағындырған белестер мен алған асу, шыққан шың – елдегі осы тату тұрмыстың арқасы. Ол анық. Саясаты сағымдай құбылып, тіршілігі сабындай бұзылып тұрған талай елден мысал көп.

Еліміздің Жамбыл облысында  87 этнос өкілі  тұрады.  25 этномәдени бірлестік бар бұл аймақта.   Сол ағайын  арасы  өзгеше тату. Әлі күнге дейін шәй дескен жоқ. Отаны, тағдыры бір қауым басы қосыла қалса,  «Біз – бір үйдің баласымыз», деп ұрандатады.

Күмбезін күн сүйген  «Тараз Арена»  сарайына  қазағы, орысы, ұйғыры, корейі бар  үш мың  жамбылдық жиналды.  Бұл топтағы аға буын сүттей  ұйыған   тірліктің қадір-қасиетін  терең түйсінеді.  Сол  қазынаға бергісіз құндылықты жастарға өсиет  етіп жатыр. 

Осы аптада Таразда «Ел тағдыры – менің тағдырым»  деп аталатын  патриоттық форум өтті. Қазақстан  халқы Ассамблеясының  мерейтойына  орай ұйымдастырылған шараның басты мейманы – Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызды Ассамблея жылымен құттықтаймын. Біз тарихи көпэтносты халықпыз. Оған ешкімнің кінәсі жоқ. Ассамблеяның арқасында біз бірлігімізді сақтап қалдық.

Алмағайып заманда  бізге   керегі – тыныштық.  Тыныштыққа – бақ, береке сыңар.    Болмашыға  өкпелеп,  отандастар  бір-біріне қырын қараса, бастан бақтың тайғаны.  Ал, ішкі тұтастығына сызат түскен елдерге маңайда мысал көп.

Сондықтан, Елбасы Ассамблеяның  ұлттарды   ұйыстырудағы  рөліне ерекше   екпін салды және көне шаһар Тараздың  тамыры тереңге  тартатынын,  тарихи  шаһардың   өзіндік өнегесі барын  айтты.  Өйткені, Тараз  елдегі  татулықтың тал бесігіне айналған  қала.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі мың жылдан астам уақыттан бері жасап келе жатқан Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығының бірі. Облыс пен қаланың тарихи орындары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Осынау қасиетті жерде біз күзде Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл – бірлігіміз бен берекемізді паш ететін маңызды шара.

Ал, бүтіндей аймақтың жайына келсек, Жамбыл облысында   өткен жылы  жалпы өңірлік  өнім көлемі  655  миллиард теңгені құрады.   Өндірістік  өнім көлемі  алты пайызға артқан.

Индустриалды  бағдарламаның  алғашқы бес жылында 33 жоба жүзеге асты. Бес мың  жұмыс  орны ашылды.  Енді  өңірдегі халық «Нұрлы Жол» жаңа  экономикалық  саясатының да жемісін көре бастайды. 

Орталықтан аймаққа, аймақтан  аймаққа  жаңа жолдар тартылады, оған ілесе   өңір  экономикасы  серпін алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Шу-Алматы»  теміржолы іске қосылады. «Батыс Еуропа Батыс Қытай» жолы аймақтың өрісін кеңейтеді. Биыл мен Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған бес халықтық реформаны жүзеге асыру бастамасын көтердім.

Біз заманауи мемлекеттік қызметті, әділетті сотты, жаңа индустрияны, болашағы біртұтас ұлтты және есеп беруші мемлекетті қалыптастырып жатырмыз. Осының бәрін біз азаматтарымыз үшін, еңбек адамдары үшін жасап келеміз.

Ендеше, қазақ дара шауып бәйге алған жоқ. Елдегі көп игіліктің  жүзеге асуына Қазақстанды  «өз Отаным», деп есептейтін   талай  ұлттың   үлесі жатыр.   Форум барысында жастарға  «Барлығы қалай басталды» деп аталатын  қысқаметражды  фильм көрсетілді.

Телеөнім   Қазақстан халқы Ассамблеясының  құрылымдану  тарихын  баяндайды.  Фильмді   әсіресе, жастар  тапжылмай көрді. Үлкендер жағы бұл тәрбие құралы, дейді. 

Любовь Гор, орыс мәдени орталығының жетекшісі:

Жастардың бойына толеранттылықты сіңіру, оларды түрлі мәдениеттерді, дәстүрлерді сыйлауға  үйрету біздің  жауапты міндетіміз.  Олар да өз кезегінде өз ұрпақтарын солай тәрбиелесе. 

Наталья Шин, корей мәдени орталығының директоры:

Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім – Қазақстан халқы Ассамблеясы  қызметінің тікелей жемісі.  Біз бірлігі бекем елдің бұдан да жарқын  ертеңі  үшін аянбай қызмет етуге дайынбыз.

Елбасы Тараздағы ғылыми клиникалық кардиохирургиялық және  трансплантологиялық  орталықта  болды.  Өткен жылы  қайта құрылымданған  емдеу орнында  жүрекке  екі  мыңдай  операция сәтті  жасалған.  

Мұнда   ересектерге де,   балаларға да  ем жасалады.   Жақын облыстардан, тіпті  іргелес елдерден де жүрек  дерті асқынған науқастар  көп келіп түседі.  Отандастырымыз  үшін  мұнда  емделу  тегін. 

Дәрігерлер  күрделі операциялардан  еш тартынбайды. Мамандар жас, жас та болса  академик Жошыбаевтың шәкірттері шетінен  білікті.   Орталықта көп кешікпей  жүрек, бауыр, бүйрек  ауыстырыла бастайды. 

Кардиохирургиядағы ең  ауыры жастар мен жаңа туған нәрестелерге  операция жасау. Көп кешікпей бұл орталықта ол да мүмкін болады.    

Сейітхан Жошыбаев, орталық директоры:

Баланың салмағы аз болса, соғұрлым наркозды қиын көтереді. Оны да жыл аяғына дейін игереміз.

Айгүл осыдан бір апта бұрын  баласын бауырына қысып тұрып «шыда жүрек, шыдай түс, шырылдатпай  баламды»,  дейтін.   Қазір «соға түс сәби жүрегі», дейді көңілі алып ұшып. Міне, бірер күн болды сәбиге операция сәтті жасалды. 

Айгүл Ишманбетова, Жамбыл облысының тұрғыны:

Дәрігерлерге үлкен рахмет!

Жамбыл облысы бүгінде химия өнеркәсібін дамытуға ден қойды.  Өңірде  «Казфосфат», «Еврохим»   секілді  ірі  кәсіпорындар орналасқан.  Бұл  өндірістерге қажет мамандар Тараздың    өзінде дайындалып жатыр.

Өткен жылы облыс орталығында  химия-технологиялық колледж  ашылды.    Оқыту әдістемесін  дуальды жүйеге сәйкестендірген колледжді   Елбасы  аралап көрді.  Шәкірттерге ел экономикасы  үшін орта білім беру жүйесін  кәсібилендірудің  маңызын  баяндады.

Бұл оқу орны  600 шәкіртке лайықталған. 11 шеберханасы,  9 зертханасы,    электрондық,  интерактивті кабинеттері бар.   Колледждің   негізгі бағдары  химиялық кәсіпорындарға маман  дайындау. 

Сондықтан,   білім мекемесі облыстағы 12 ірі кәсіпорынмен келісімшартқа  отырды.  Өткен жылы бітірген түлектердің  дені  сол өндірістерде еңбек етіп жатыр.

Гүлнәр Тұрсынбекова, колледж директоры:

Қазір жеті мамандық бойынша шәкірттерді  оқытып жатырмыз, енді жаңа оқу жылынан бастап тағы екі мамандықты қосамыз.

Таразда қазір  арнайы экономикалық аймақ  құрылымданып жатыр.   Ол жерде қаз-қатар он алты   химиялық өндіріс орналасады.  Бүтіндей химиялық кластер қалыптастыруға   алғышарт   бар.  Сол өндірістердің мамандары да Елбасы аралаған колледждің базасында оқып, білімін жетілдіретін  болады.  

Ал, жалпылай алғанда индустриалды бесжылдықтың екінші кезеңінде  аймақта жиыны  26 өндіріс ашылады. Бұл  келешекте  тағы жеті мың  адам жұмысқа  тұрады деген сөз. Осынша жұмыс орындарымен  бірге  талай шаңырақтың күнкөрісі   жақсарып, облыс бюджетіне кірер табыс та ұлғая береді.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу