Мемлекет басшысы Қазақ елін Құрбан айт мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қазақ елін Құрбан айт мерекесімен құттықтады

27.09.2015
Мемлекет басшысы Қазақ елін Құрбан айт мерекесімен құттықтады

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас!». Абай данышпанның сөзі. Ыждаһат қойған адам түйсінеді бұ қазақтың бүтін тірлігіне Абай сөзінен дәлел, Абай сөзінен мысал, Абай сөзінен нақылды мыңдап келтіруге болады.

Жаһандағы мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт осы аптаға түсті.  Сол өзі де, сөзі рас Алланың үйі – Әзірет Сұлтан мешітіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барып, халықты қасиетті мерекемен құттықтады.

Президент - бұл бірліктің, кешірімнің  мерекесі екенін атап өтті. Сондай-ақ, дөңгеленген дүниедегі дау-шаралардың негізгі үш себебіне тоқталды. Бірінші – жер дауы.

Қазақстан төрт тараптағы көршілерімен жер шегін анықтап, бекітіп алған мемлекет. Бір шүкір. Екінші себеп - этносаралық егес. Бұл ретте қазақ қоғамындағы төзімділік пен сабыр өзгеге үлгі боларлықтай. Екінші шүкір. Үшінші себеп – дінаралық дау, яғни, әсіредіншілдік. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан  Республикасының Президенті:

Дінаралық дейміз ғой. Мұсылмандар мұсылмандарға пышақ кезеп, бір-бірін қойша бауыздап жатыр. Ол – мұсылмандық емес, ол – зорлық-зомбылық. Ол – қылмыс. Сондықтан, біздің қазақстандықтар дұрыс жүрсе екен деп, біздің болашақ ұрпақ  дұрыс жолда тәрбиеленсе екен деп ойлаймын. Бүгінгі күні барлық халыққа бақ-береке мен төзімділік пен шыдамдылық тілеймін. Болашағымыз өте жарқын боларына мен сенімдімін.

Болашақ жарқын болмағы үшін  - өткенді білу ләзім. Білу ғана емес, сабақ қылу ләзім. Біздің жұрт  тамырының тереңде екенін көрсетіп, Қазақтың хандық дәуірінің 550 жылын атап өтіп жатыр. Бұл өзіміз үшін өткенді ұлықтау болса, сырт үшін байырғы ел екенімізді ұқтыру.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу