Мұнай баррелі 30 доллардан төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай баррелі 30 доллардан төмендеді

17.01.2016
Мұнай баррелі 30 доллардан төмендеді
Энергетикалық шикізаттың нарқы әрі қарай да төмендеуі мүмкін.

Осы аптада мұнай бағасы әлем экономикасындағы тұрақсыздықты тіпті күшейтті. Қазір «қара алтынның» бір баррелінің құны 30 долларға түсті деген хабарға құлақ үйреніп қалды.

Соңғы болжамдарға жүгінсек, энергетикалық шикізаттың нарқы әрі қарай да төмендеуі мүмкін. Ең қауіптісі – бағаның төмендеуі емес, дағдарыстың ұзаққа созылып кету ықтималдығы.

Негізгі қаржыны шикізат экспортынан табатын елдер қатаң үнемдеу шараларына көшті. Мұнайдың арзандауынан валюта азайып, Ресей бюджеттік шығындарды қысқартты.

Ал, қымбатшылық қысқан Венесуэла үкіметі экономикалық төтенше жағдай жариялап отыр.

Осы аптаның соңғы жұмыс күні – жұмада әлем нарығында мұнай нарқы бірден 6 пайызға түсті. «Қара алтын» бағасы Лондон мен Нью-Йорк биржаларында соңғы 12 жылда мұнша құлдыраған емес. Шикізаттың «Брент» маркасы тіпті 28 доллар 94 центке дейін арзандады.

Энергетикалық нарықта тұрақсыздықтың күн өткен сайын күшеюіне Иран халықаралық санкциядан босатылып, шетелге мұнайды көптеп экспорттай бастайды деген болжам себеп.

«Блумберг» агенттігі хабарлағандай, Тегеран санкцияға дейінгі клиенттерін қайтару үшін Сауд Арабиясымен, Ресеймен бәсекеге түсе отырып, шикізатты молырақ әрі төмен бағаға сатуға дайын екендігін мәлімдеп отыр.

Сонымен қатар, мұнайдың арзандауына түрткі болған тағы бір фактор - Қытай экономикасы қарқынының төмендеуі.

Майк Инграм, нарық сарапшысы:
Меніңше, «Қытай - нөмірі бірінші тұтынушы» деген позициядан біз қашып құтыла алмаймыз. Әлемде мұнайға сұраныс та ең алдымен осы мемлекеттен түседі. Қытайдың өсімі алаңдата бастаса, «қара алтын» бағасы төмендеп, энергетикалық нарық тұрақсыздыққа ұшырайды.

ОПЕК былтыр желтоқсанда өткен сессиясында өндірісті қысқартудан бас тартқаны белгілі. Сондықтан, қазір бағаның түсуіне мұнай нарығында ұсыныстың сұраныстан тым асып кетуі де үлкен себеп.

Бұл жағдайдан ең көп зардап шегіп отырған елдердің бірі – Ресей. Жұма күні премьер-министр Дмитрий Медведев үкіметке тапшылығы 3 пайызға жеткен федералдық бюджеттің қандай шығындарын айтарлықтай қысқарту қажеттігін анықтауға тапсырма берді. Ал, елдің Қаржы министрі қорғаныс саласының бюджетіне тиіспей, өзге шығындарды 10 пайызға кемітуді ұсынып отыр.

Антон Силуанов, Ресейдің Қаржы министрі:
Шығындарды 2015 жылы шектесек те, Парламентке қорғаныс бюджетінен басқа барлық шығындарды 10 пайызға қысқарту туралы өтініш жасамақпыз. Мұның нәтижесі қандай болады? Оның арқасында 1 триллион рубльге жуық қаражат үнемдеуге болады.

2015 жылға дейін Ресейде кедейлер саны қысқарған еді. Бірақ, мұнайдың құнсыздануы мен халықаралық санкциялардан экономикалық жағдай құлдырып, кедейлер саны былтыр екі есеге жуық көбейді. Құны 80 рубльге жақындап қалған доллар болса, инфляцияны 17 пайызға жеткізіп отыр.

Дмитрий, Мәскеу тұрғыны:

Мен банкте жұмыс істеймін. Қиындықты сезініп жүрмін. Жыл сайын жағдай қиындап барады, қиындап барады. Жақсарған ештеңе көріп тұрған жоқпын.

Ал, қаңтардың 1-де Украина мен Еуропа одағы арасында еркін сауда келісімі күшіне енді. Есесіне бір кездері Ресеймен жасалған дәл сондай келісім өз күшін жойып, Украина Мәскеудің емес, Еуропаның негізгі сауда серіктестерінің біріне айналды.

Және де қаңтардың 15-де Украина Ресейді айналып өтіп, Қытайға тауар тасымалдайтын пойызды сапарға аттандырды. Ол Қара теңіз бен Каспийден пароммен өтеді.

Ал, құрлықта Украина, Грузия, Әзірбайжан, Қазақстан арқылы 10-11 күн жүріп, Қытайға жетеді. Украиналық шенеуніктер мәлімдегендей, Азияға баратын жолды екі есеге қысқартқан жаңа жоба келешекте Украина экономикасын өркендетеді деген үміт бар.

Андрей Пивоварский, Украина инфрақұрылым министрі:
Біз Еуропа мен Қытай арасындағы жаңа жолды ашып отырмыз. Енді Қазақстан, Грузия, Әзірбайжан нарықтарына кедергісіз тауар жеткізетін мүмкіндік туып отыр.

Геннадий Зубко, Украина вице-премьері:

Ең маңызды мәселе – жеңіл мұнай мен сұйытылған газ. Бұл жоба Украинаны энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету жолдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Мұнай бағасы 2014 жылдың маусымынан бері 75 пайызға жуық арзандады. Осы жағдай Ресей мен Қазақстан тәрізді Әзірбайжанды да валюталық резервті үнемдеуге мәжбүрлеп отыр.

Мұнай мен газдан түскен табыс бұл оңтүстіккавказдық республика экспортының 95 пайызын, мемлекеттік бюджетінің 75 пайызын жауып отыр. Бірақ, қазір бұрынғыдай сырттан келіп жатқан мол валюта жоқ.

Сондықтан, ұлттық ақша манатты арзандатып, тауарды қымбаттатуға тура келіп отыр. Осы аптада Әзірбайжанның Орталық банкі күллі ел аумағында валюта айырбастау пункттерінің қызметіне тыйым салды. Енді шетел ақшасын тек банк кеңселерінде ғана айырбастауға болады.

Ілияс Бабаев, Баку тұрғыны:

Заман қатты қиындап кетті. Осыны айтуға тиіспін. Мен түсінбеймін, үкімет мұны қалай реттеп жатыр? 500 доллар сатып алу үшін паспорт көрсетуім керек. Олар төлқұжаттың көшірмесін алады. Күніне 500 доллардан артық ала алмайсыз.

Егер маған 3 мың доллар қажет болса, туыстарыммен міндетті түрде хабарласуым керек екен. Үш апта болды, күнде осында келемін. Жынданып кетуге болады. Валюта айырбастау пунктері жабық. Банктер доллар сатып алады, бірақ сатпайды. Түсінбедім, не болып кетті өзі?

Ал, Венесуэла үкіметі елде 60 күндік экономикалық төтенше жағдай жариялап отыр. Өйткені, мұнда бір жылдың ішінде инфляция деңгейі 141 пайыздан асып кеткен.

Жалпы ішкі өнім көлемі болса, 2015 жылы 7 жарым пайызға қысқарды. Әлем нарығында мұнай құнсызданып, доллар қымбаттағандықтан, социалистік мемлекетте ең қажетті тауарлар тапшылығы қазір барлық жерде айқын сезіліп отыр.

Былтыр желтоқсанда өткен парламенттік сайлауда жеңіске жеткен оппозицияның сөзіне сенсек, Венесуэла мұндай жағдайға биліктің біліксіздігінен жетті. Алайда, президент Мадуро экономиканы сырттағы жаулар немесе Америка күйретті деп есептейді.

Николас Мадуро, Венесуэла Президенті:

Мен Боливар Республикасы - Венесуэланың Конституциясына сәйкес, елде экономикалық төтенше жағдай жариялаймын. Және де мемлекет басшысы ретінде Ұлттық Ассамблеядан бұл шешімді бірауыздан қолдауды сұраймын. Өйткені, Венесуэланы жау көретін Құрама Штаттар президенті Барак Обама мұндай қаулыны бізге ратификациялап бермейді ғой.

Иранның халықаралық нарыққа оралатын күні жақындаған сайын оның аймақтағы басты бәсекелесі - Сауд Арабиясымен қатынасы шиеленісіп барады. Осы айда Саудияда 47 шиит өлім жазасына кесілгеннен кейін Тегеран мен әр-Рияд арасында дипломатиялық байланыс үзілді.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, Сауд Арабиясы энергетикалық нарықтағы үлесін сақтау үшін мұнай бағасын әрі қарай да түсіре бермек. Дәлірек айтсақ, Саудия Иранды қаржыдан қағып, оның мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге барынша кедергі жасамақ.

OilPrice.com ресурсында жарияланған болжамға қарағанда, бұл екі мемлекет соғысатын болса, «қара алтынның» құны 250 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Өйткені – екеуі де ірі экспортер.

Қарулы қақтығысты былай қойғанда, Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы дипломатиялық жанжалдың өзі биржаларда үрей тудырып, өткен аптада талай энергетикалық компанияның акциясын құнсыздандырды.

Фидель Гельмер, капитал нарығы сарапшысы:
Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жанжал нарығымызға үлкен әсер етіп отыр. Сауд Арабиясы - біздің ғана емес, АҚШ-тың да Таяу Шығыстағы маңызды одақтасы. Және де оның үкіметі тұрақтылығымен ерекше. Егер сол басшылық дағдарысқа ұрынатын болса, оның экономикалық зардабы Еуропаға да кері әсер етпек.

Бүгінде «мұнай бағасы қанша долларға дейін түседі?», деген сауал төңірегінде де дау көп. Біреулер, «қара алтын» 20 долларға дейін, енді біреулер тіпті 10 долларға дейін арзандайды дейді.

Бірақ, шикізат экспорттаушы мемлекеттерді қазір бұл мәселе емес, сол арзан мұнай дәуірінің ұзаққа созылу қаупі көбірек алаңдатып отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу