Бүгінгі таңда тек Ақтөбе облысымен әлемнің 44 мемлекеті ынтымақ орнатуға ынталы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгінгі таңда тек Ақтөбе облысымен әлемнің 44 мемлекеті ынтымақ орнатуға ынталы

10.04.2016
Бүгінгі таңда тек Ақтөбе облысымен әлемнің 44 мемлекеті ынтымақ орнатуға ынталы
«100 нақты қадамның» Ақтөбе облысындағы орындалуына байланысты аймақ басшысы есеп берді.

«Ұлт жоспарында» қойылған межелі міндеттер жыл басынан бері біртіндеп жүзеге аса бастады. Ал, «100 нақты қадамда» жүктелген маңызды тапсырмалардың бірі — шетел инвестициясын тарту.

Бұл әсіресе, агроөнеркәсіп, көлік-коммуникация салалары мен экспорттық әлеуетімізді арттыру үшін қажет. Ахуалы тұрақты, инвестициялық тұрғыдан тартымды Қазақстанға қаржы құюға ниетті трансұлттық компаниялар да аз емес.

Мәселен, бүгінгі таңда тек Ақтөбе облысымен әлемнің 44 мемлекеті ынтымақ орнатуға ынталы. Осы жылдың өзінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен үш ірі өндіріс орнын ашу көзделген.

Ұлт жоспарының 55-қадамында өнеркәсіпке трансұлттық компанияларды тарту туралы айтылған. Бұл бағыт бойынша Ақтөбеде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл құрылысы басталатын ірі үш кәсіпорынға БАӘ, Қытай және Австралия инвесторлары қаржы құюға ниетті. Ел экономикасы үшін маңызы зор жобалар жүзеге асқанда, мың жарымнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Луния Гильманова, Индустриялдық-инновациялық даму басқарма бөлімінің басшысы:

«Көктас-Ақтөбе» компаниясымен және «Хуасин» компаниясымен іске асырылатын цемент зауытының құрылыс жобасы. Бұл жобаның қуаттылығы жылына 1 миллион тонна цемент өндіреді.

Екінші жобамыз «Батыс калий» компаниясымен Ақтөбе қаласында, Жилянка кен орнында калий тұздарын өндіретін зауыт. Жобаның қуаты – жылыны 800 тонна калий тыңайтқыштарын өндіруге қауқарлы. Енді үшінші жобаны бастау жоспарда тұр.


Шетелдіктер тек өсімдік шаруашылығымен айналысып қана қоймай, жердің құнарлылығын жақсарту жұмыстарымен де айналыспақ. Тағы бір ирандық компания қой шаруашылығын дамытуға ниетті. Сонымен қатар, ауданы 40 мың гектар жылыжай, 10 мың ірі қара мен 100 мың ұсақ мал өсіретін мал шаруашылығы фермасын салу жоспары да қарастырылып жатыр.

Шахрам Рашидов, «Агро ай групп» компаниясының директоры:

Біз осында біріккен компания құрдық. Қазірдің өзінде 20 гектар жерді игеруге дайынбыз. Жылыжайға қияр, қызанақ және басқа да бақша дақылдарын өсіруді жоспарлап отырмыз. Заманауи технологияларды қолданамыз. Дайын өнімдер Қазақстаннан бөлек, Ресейге саудаланатын болады.

Облыста биыл ет өңдеу өндірісін — 28 мың тоннаға дейін, сүтті — 146 мың тоннадан 162 мың тоннаға дейін, ал суармалы егістік алаңын 12 мың гектардан 18 мың 600 гектарға дейін арттыру жоспарланған.

Әрі шағын фермалар құру жөніндегі жоба қолға алынып отыр. Бұлар — отбасылық мал фермалары. Осы мақсатқа 2,5 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Нәтижесінде, 1200 адам жұмыспен қамтылады. Алға қойылған жоспарда «Алға» ет комбинатын жаңғырту да бар. Қазір оның қуаты 7,5 тонна болса, алдағы уақытта 20 мың тоннаға дейін арттыру межеленген.

Луния Гильманова, Индустриялдық-инновациялық даму басқармаcы бөлімінің басшысы:

«Актеп» компаниясымен 2015 жылы іске қосылған ет өңдеу комбинатын осы жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен әрі қарай кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, осы жылы облысымызда шағын ет консервілеу цехы іске қосылады. Ол «Айбек» шаруа қожалығымен. Консервілеу цехының қуаттылығы жылына 5 000 тонна етті консервілейді.

Еліміздің батыс өңірінде дәрілік препараттар шығаратын бірден-бір кәсіпорын да Ақтөбеде орналасқан. 40 адам еңбек ететін «ТК Фарм» серіктестігі негізінен мия өсімдігінің шәрбәтін даярлайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Зауыт өткен жылы 400 мың құты дәрі шығарды. Ал, биыл оның көлемін 600 мыңға жеткізу көзделуде. Әлемде дәрілік шөптерден дайындалған препараттар жоғары бағаланады. Сондықтан, бұл дәрілерді экспортқа шығару жоспары бар.

Жобаны жүзеге асыруға 245 миллион теңге жұмсалған. Зауыт толық жобалық қуатына шыққанда жылына 12 миллион құтыға дейін дәрі шығаруға болады екен. Денсаулық сақтау саласындағы бұл кешенді шаралар «100 нақты қадам» бағдарламасының негізінде жүзеге асып жатыр.

Нұртай Өмірзақов, технолог:
Болашақта таблеткалар, капсулалар шығарамыз. Барлық құрылғыларды сатып алып, дайындап қойдық. Дәл осы жерде экстрактінің екі түрін шығаруға дайындап жатырмыз. Тіркеуге бердік.

65-қадамда елімізді халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау көзделген. Қазіргі күні «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің біздің облыс аумағынан өтетін 628 шақырымы бойында түрлі қызметтер ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолын қалпына келтіру жұмыстары биыл басталып, 2020 жылы толық аяқталады.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

Орталық-Батыс. Бұл жобаны министрлікпен және «ҚазАвтоЖол» мекемесімен келісімге келдік. Автожол біздің үш аудан арқылы өтеді. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Сондай-ақ, пайдалы қазбалар өндіру үшін де тиімді. Жол құрылысы 2017 жылы басталады деп жоспарлап отырмыз.

Биыл өңірде үй құрылысы комбинатының да іргетасы қаланады. Оның қуаттылығы жылына 50 000 шаршы метр үй салуға жетеді. Кәсіпорын одан бөлек, темір-бетон бұйымдарын да шығарады.

Осылайша, облыста Ұлт жоспарын жүзеге асыруда бірқатар маңызды жұмыстар атқарыла бастады.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу