Осы біздің жұрттың полиция десе, зәр иманы ұшады. Қорқады. Оның қоғамдық тәртіп сақшысы, сенің құқығың мен қауіпсіздігіңе жауапты екенін біле тұра бұғады. Төбе шаштары тік тұрады. Бұл не қыған фобия? Олар шынымен құбыжық па, әлде біздің бойға туа біткен құлдық ұрып, құрақ ұшу керек деген сана ма? Түсініп болмайсың. Әйтпесе, ел неге полицияға сенбейді?
Бұрынырақта бұл мәселені Тұңғыш Президент-Елбасы әлсін-әлсін көтеріп, «әкіреңдемей әлеуметке жақын болыңдар», деп талай айтып еді. Әйтпесе, өзгерген дүниені көз көрмей тұрмайды ғой. Жоқ, әлеумет әлі күнге бір әлем ал, әліне сенген ұрда-жық полиция бір әлем.
«Халыққа жақын болыңдар» деп қақсаудан қазіргі биліктің де шәршайтын түрі жоқ. Тіпті полицияның өзі түгілі, кеңселеріндегі кол орталықтарының өзі халықтан қашық! Мұны осы апта ІІМ кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысының де өзі айтты.
Әлгі әкірең полицейдің, қарапайым халықпен шаруасы жоқтығы сонша қазір елде ұрлық-қарлық қаптап кеткен. Қазір елдегі барлық қылмыстың 70 пайызы ұрылардың еншісінде. Олардың тіпті полициямен ым-жымы бір ма дейсің. Әйпесе, көз алдарында Денис Тенді көр жастандырғандарды қалай ұстай алмай қалды? Қара жер хабар бермесін. Ол Денис Тен болғандықтан қоғам дүр сілкінді. Ал қарапайым ауылдан келген қазақтың баласы болсыншы, онда іс қаралмақ түгілі, қозғалмай жатып, жабылып қалуы да мүмкін еді. Ұят!
Ұрлықтың ішінде ауыл халқының шымбайына бататыны барымташылардың бассыздығы. Бетімен кеткен. Тағы да қан қақсап қалатын сол сорлы халық. Бетімен кеткен демекші, есірткі саудасы да қазір еш кедергісіз дамып кеткен. Ғаламтор арқылы сатылатын наша саудасымен күресуге келгенде әлгі әкірең полицияң әлсіз, дәрменсіз, пәрменсіз пұшайман болып шыға келеді. Сондықтан соңғы кездері жүргізіліп жатқан соны реформалар ішкі істер саласын алдымен өз ішінен түзеуден бастау алуы тиіс.
Сақшы - қарақшы иә қанаушы емес. Ол қоғамның бет-бейнесі. Елдің қауіпсіздігі халықаралық аренадағы беделімізге тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан біздің елдің полициясы шекпен киіп, шен таққанына масаттанбай, алдымен, туған елінің тыныштығымен бірге ар-ұждан, абырой-беделін ойласа екен дейсің.
Айтпақшы, Президент жол-көлік апаттарына да тоқталды. Бейбіт күнде найза шаншылмай, мылтық атылмай қырылып жатырмыз. Жыл сайын қаражолда 10 мыңнан астам қазақстандық көз жұмады екен. Майқы бидің 3 ғасыр бұрын «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп айтқаны айна-қатесіз келді.
Тас жолдарда тұтас бір отбасыны да, көктемей жатып солған өрімдей бозбалалар мен бойжеткендерді де жоғалтып жатырмыз. Әйтеуір басында баспанасы жоқ болса да, неміс пен жапонның бір-бір темір тұлпарын тақымдап алған қазақ көлікке отырса, жыны қозған бақсыдай ызғытып айдауға құмар.
Айбек ҚОБДАБАЙ