![ЭКСПО-2017 кезінде ШЫҰ күні өтеді](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/8/article_88324.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бейжіңдегі штаб-пәтерінде ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіндегі ШЫҰ павильонының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Салтанатты шараға ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов қатысты. Ол штаб-пәтердің қонақтарына павильонның қызметі туралы толығырақ ақпарат беріп, ШЫҰ өз тарихында алғаш рет халықаралық көрменің жұмысына қатысып жатқандығын атап өтті.
«ШЫҰ-ның ЭКСПО-2017 көрмесінде өз павильонын орналастыратын жалғыз өңірлік ұйым екендігін есепке ала отырып, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік пен құрмет болып табылады», - деді Әлімов.
Бас хатшы көрме жұмысының басталу мерзімі ШЫҰ мүше-елдердің басшылары кеңесінің отырысымен тұспа-тұс келетіндігін атап өтті.
«Болашақ энергиясына арналған ЭКСПО-ның тақырыбы ШЫҰ «Шанхай рухы» энергиясымен тұтасып тұр», - деп мәлімдеді ол. Сондай-ақ, дипломат ШЫҰ павильонының жұмысы барысында Ұйым қызметінің түрлі аспектілеріне арналған іс-шаралар өтетіндігін хабарлады.
«Біз ЭКСПО басшылығымен көрме аясында 27 тамыз - «ШЫҰ күні» ретінде аталып өтетіндігі жөнінде келісім жасадық. Дәл осы күні Астанада ШЫҰ халықаралық марафоны өтеді, оған 5 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Алда өте маңызды бағдарлама тұр, осыған орай баршаңызды Астанадағы ШЫҰ павильонына шақырамын», - деп түйіндеді ұйымның бас хатшысы.
inform.kz
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=ЭКСПО-2017 кезінде ШЫҰ күні өтеді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/77641/)