Жеңіске жетуге айрықша үлес қосқан өндіріс орны - «Зенит» зауыты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіске жетуге айрықша үлес қосқан өндіріс орны - «Зенит» зауыты

09.05.2014
Жеңіске жетуге айрықша үлес қосқан өндіріс орны - «Зенит» зауыты
«Зенит» зауыты - соғыс жылдары майданды қару-жарақпен қамтыған кәсіпорынның бірі. Зауыт І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Өндіріс орны 1941-жылы жау әскері Ленинградқа жақындап қалғанда Оралға көшірілген болатын.
 
Шағын музейде соғыс жылдарындағы зауыт туралы тиянақты мағлұмат жинақталған. Ленинградтағы құпия қорғаныс кәсіпорнының құрылғылары мен жұмысшыларын тиеген эшелондар Оралға 1941 жылдың қыркүйегінде жетті.
 
Араға ай салып, алғашқы өнім де шығарылды. Мұнда түрлі торпедалар мен оқтар, әуе снарядтары, теңіз миналары, барлығы 20-ға тарта қару-жарақ түрі жасалды.
 
Рауан Диәли, тілші:
Соғыс жылдары су түбіне кеткен жаудың әрбір 20-шы кемесі осы зауытта жасалған минаға соқтығысқан көрінеді. Тек 1941-1945-тің аралығында зауыт ұжымы осы тәрізді 4 мыңға тарта минаны жасап, майданға аттандырған.
 
Светлана Сосновских, «Зенит» зауыты ардагерлер кеңесінің төрайымы:
Зауыттағы жұмыс аса қиын еді. Жұмысшылар станокта тұрып тапжылмастан 17-18 сағаттан еңбек етті. Тіпті суық цехта түнейтін еді. Ол кездегі еңбеккерлердің көбі әйелдер мен балалар болатын.
 
Соғыс жылдары уақытпен санаспай тер төккендерден қазір көзі тірі 18 адам қалыпты. Людмила Шварцбурд - солардың бірі. Ол 15 жасында еңбекке араласып, жастық шағын станоктың басында өткерді.
 
Людмила Шварцбурд, тыл еңбеккері:
Басында снарядтардың тетіктерін жонсақ, кейін өздерін жасауға кірістік. Қасымда Зикеш есімді қазақ баласы болды. Ол орысша, мен қазақша білмедік. Бір-бірімізді ыммен, қимыл-қозғалыспен түсінетін едік. Бірақ, бәріміз де жеңіс үшін деп, жанқиярлықпен жұмыс істедік.
 
Ерен еңбектің арқасында кәсіпорын І дәрежелі Отан соғысының орденімен марапатталды. Әлі де өндіріс орны әскери тапсырыстарды орындап келеді. Зауытта шығарылған 20-дан астам катерлер мен кемелер бүгінде еліміздің теңіз шекарасын күзетуде. Іргелі кәсіпорын алда да ел игілігі үшін қызмет ете бермек.    
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу