Альварес-Головкин арасындағы қарымта жекпе-жек болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Альварес-Головкин арасындағы қарымта жекпе-жек болмайды

04.04.2018

Сауль Альварес Геннадий Головкинмен жұдырықтасудан бас тартты. Мексикалық былғары қолғап шебері мен отандасымыз мамырдың 5-і күні қарымта жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда, екінші рет допингтік тексеруден өте алмаған Канелло осындай шешім қабылдады.

Орта салмақтағы әлемнің үздіктері Головкин мен Альварестің қарымта бәсекесін асыға күткендер аз емес. Алайда, алдымен белдігін бәсекесіз беріп, Головкиннен жалтарған мексикалық кейін төрешілердің күмәнді шешімінен соң тең есепке қол жеткізгенді. Ал, бұл жолы - допинг дауы.  

Сауль Альварес, кәсіпқой боксшы:

- Қазір менің таза боксшы екендігіме күмәнмен қарайтындар көбейгені белгілі. Алайда, мен барлығын ашық айтқым келеді. Ешқандай тыйым салынған препарат қабылдаған жоқпын. Осындай жағдай қайталанбас үшін енді өте сақ боламын. Барлық жанкүйерлер мен демеушілерімнен кешірім сұраймын.   

Жауапты жекпе-жек алдында допингтік тексерістен бір емес, екі рет сүрінген Альварестің қанынан кленбутерол препараты табылған. Үлкен спортта жоғары жетістікке жету үшін қазір түрлі анаболиктер қолдану жиілеген. «Алайда, бұл жолы Альварес әдейі допинг ішпеуі де мүмкін», -дейді спорттық тағам саласының маманы.

Асқар Қасымов, спорттық тағам дүкенінің директоры:

- Қытай, Мексика сияқты елдерде ірі қара малды тез семірту үшін кленбутерол препаратын пайдаланады. Тіпті Қытай ірі жарыстар алдында спортшыларына сиыр етін жеуден бас тарту туралы ұсыныс та айтқан. Сондықтан, бұл дәрі ағзаға ет арқылы кіруі мүмкін деген тұжырымды жоққа шығаруға болмайды.

Ал, бір кездері «Астана Арланс» кәсіпқой клубын басқарған отандық промоутер, Болат Манкенов «Альварес тек уақытты созып, Головкиннен кезекті рет жалтарып отыр», -дейді.

Болат Манкенов, отандық промоутер:

- Қашқақтағаны, қорыққандығы Геннадийден осындай бәлені шығарып отыр. Геннадий биыл 36-ға келеді. Олардың ойынша, оның жасы келсе, жылдамдығы онша болмайды. 

Арнайы комиссия Альвареске қатысты шешімді 18 сәуірде шығарады. Ал, Головкиннің өзі әлеуметтік желіде 5 мамырда қалай да жұдырықтасатынын хабарлады. Әзірге оның кезекті қарсыласы белгісіз.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу