Биыл еліміз бойынша 147 мың оқушы мектеп бітірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл еліміз бойынша 147 мың оқушы мектеп бітірді

25.05.2018

Балалықтан даналыққа қадам басқан күн. Бүгін оқу жылының аяқталуына орай еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Биыл республикада барлығы 147 мың оқушы мектеп бітірген. Оның алты мыңға жуығы Астанадан түлеп ұшты. Олардың қатарында Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының 92 шәкірті де бар. Араларында алты бала «Алтын белгі» алса, тағы үшеуі үздік аттестат иесі. Мектеп бітірушілер де, ұстаздар да шат-шадыман болғанымен, қимастық бар. «Қимастық сезімді өмірлік сыйластыққа айналдырайық» деген тілектер айтылды. Жаңа дәуірде дүниеге келген жастардың көбі цифрландыру бағытындағы салаларды таңдамақ. Сондай-ақ, бүгін жаңа білім мазмұны бойынша оқыған 1-сынып шәкірттері жылды жақсы аяқтап отыр. Ұстаздары жеткіншектер пәндерді үш тілде оқып, соңғы жүйеге оңай бейімделгенін жеткізді. Тіпті, көбісі жылды үздік аяқтаған.

Әсемгүл Әубәкірова, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

- Бүгін біздің бүлдіршіндеріміз 1-сыныпты жаңа білім мазмұны бойынша толық меңгеріп, аяқтап жатыр. Оқу бағдарламасының әр бөлімі бойынша мұғалім қадағалап, топпен, жұппен жұмыстар жүргізіп, осы әдістерді пайдалану арқылы оқушыларымыз үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу