Астанада бір адамға бір мезетте екі операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада бір адамға бір мезетте екі операция жасалды

20.06.2014
Астанада бір адамға бір мезетте екі операция жасалды
Бір адамға бір уақытта екі операция жасалды. Ерекше әрі өте күрделі операция Астанадағы Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығында жүзеге асты.
 
Қиындығы сол, нейрохирургтер мен акушер-гинекологтар жүкті әйелдің миындағы ісігін алып, дәл сол кезде сәбиін босандырып алды.
 
Салмағы 1 келіден асып туған нәресте вакуумда өсіп жатыр.
 
Ал, қиын операцияны басынан өткерген келіншектің жағдайы ауыр. Себебі, зерттеу кезінде оның басындағы ісік қатерлі болып шықты.
 
Осыдан 6 жыл бұрын жүкті әрі ауыр халде дәл осы орталыққа түскен Жаңылсын да дәл осындай отаны басынан өткерген еді.
 
Ішіндегі нәрестесіне 35 апта толғанда ес-түссіз құлаған келіншектің басында ісік бар екені анықталды. Сол кезде оның ана атануы екіталай еді.
 
Дегенмен, еліміздің үздік дәрігерлері оның өзін де, сәбиінің өмірін де сақтап қалды.
 
Қазір Жаңылсын тұңғышы Ерасыл мен өзіне екінші өмір сыйлаған жерді қорғаушысындай көреді. 
 
Жаңылсын Өтешова, Астана қаласының тұрғыны:
Есімді 14 күннен соң жинасам, оң қолым мен оң аяғым жұмыс істемей қалған. Басым ісіп және қатты ауырып тұрды. Тұрғанымда тек ұлымды есіме түсіріп, баланы сұрай бастадым. Балам тірі екен. «Ана мен бала» орталығында екенін, бәрі жақсы екендігін айтты.
 
Дәл осындай операция осыдан 10 күн бұрын тағы да жасалды. Дәрігерлер 31апталық жүкті келіншектің басындағы ісігін алып тастап, сәбиін босандырып алды.
 
1 келіден сәл асып туған нәрестенің салмағы қазір 2,5 келіге жетті. Анасы дәрігерлердің бақылауында.
 
Серік Ақшолақов, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы:
Бұрын біз бірінші анасының өмірін сақтап қалуға тырысатын едік. Көп баланы туғызбай тоқтататын едік. Ал, қазір  өзгерді. Анаға да, балаға да көмек көрсету жағын ойластырамыз.
 
Талшын Үкібасова, «Ана мен бала» ҰҒМ акушерлік іс және гинекология бөлімінің басшысы:
Операцияны бақылап отырамыз, қанша сағат болса да.  Қауіпті бол ған кезде баланы кесарь тілігі арқылы аламыз. 
 
2009 жылдан бері 22 жүкті келіншектің басына операция жасалған. Оның алтауында әйелдің жүктілігін тоқтатуға тура келіпті.
 
Өте қатерлі ісікке шалдыққан бір келіншек қайтыс болған. Баласы тірі. Ал, ауыр операциядан кейін екі сәби сүйген Жаңылсын өзінің тағдырласы, ауыр халде жатқан келіншектің көп ұзамай баласын бауырына басатынына сенімді. 
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу