Менингококты инфекция елордаға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Менингококты инфекция елордаға жетті

30.05.2018

Менингококты инфекция жұқтырған елордалық науқас әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршіннің жағдайы ауыр, бірақ, тұрақты. Қазіргі уақытта науқаспен қарым-қатынаста болған жақындарына эпидемиологиялық тексеру шаралары жүргізілуде.  Алдын-ала мәліметтерге сүйенсек, балғын ата-анасымен бірге бір айдай Алматы қаласында болып келген. Яғни, инфекцияны сол жақтан жұқтыруы мүмкін деген болжам бар.

3,5 жасар бала кеше түскі уақытта ауруханаға жоғары температурамен жеткізілген. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Тексеріс нәтижесінде баланың ата-анасымен Алматыға қыдырып келгендігі анықталды. Елордаға оралғанына бір апта болмаған бүлдіршін ауруханадан бір-ақ шықты.

Роза Өтегенова, Астана қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Менингококты жұқпа жеңіл жүрмейді. Жүйке жүйесімен байланысты болған соң баланың жағдайы ауыр болып есептеледі. Соны ескере отырып, баланы жансақтау бөліміне жатқыздық. Жағдайы тұрақты. Барлық қажетті емдерін алып жатыр.

Бүлдіршін соңғы рет балабақшада 10 сәуір күні болған. Сондықтан, ол мекемеге тексеріс жүргізілмеді. Десе де, балғынның бірер күн бұрын елордадағы бассейндердің бірінде болғаны анықталған. Қазіргі уақытта осы орталықпен қатар жалпы баламен қарым-қатынаста болған 14 адамға эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақмарал Мейірманова, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Кеше және бүгін барлығы медициналық қараудан өтті. Медициналық тексерістен өткеннен кейін барлығына антибиотика-профилактика тағайындалды. Астана қаласында менингококтық жағдай тұрақты деп саналады. Бұл елордада тіркелген 4-ші жағдай. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш бір деңгейде.

Бұл Астанада балалар арасында тіркелген алғашқы жағдай. Жалпы, биыл еліміз бойынша менингококк инфекциясын жұқтырған 62 жағдай анықталып, 9 адам жұқпалы індеттен көз жұмды. Оның 50 пайызы Алматыда орын алды. «Көп адамдар менингококты тұмау, жедел респираторлық вирустық аурулармен шатастырады», - дейді дәрігерлер. Сондықтан да, жоғары температура, бастың ауру белгілері, жүрек айну мен бөрту байқалса, бірден мамандар көмегіне жүгінген жөн. «Әсіресе, балалардың қоғамдық орындарға баруын шектеп, сыртта бетперде таққан жөн», - дейді дәрігерлер.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу