Астанаға баласын емдетуге әкелген тараздық келіншек сау сәбиді мүгедек етті деп дәрігерлерді кінәлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға баласын емдетуге әкелген тараздық келіншек сау сәбиді мүгедек етті деп дәрігерлерді кінәлап отыр

14.01.2019

Мейірбикелерді «баламның аяғына катетерды дұрыс салмады» деп айыптайды. «Соның кесірінен аяғы ісіп, жансызданып кетті» деген Таңшолпан баланың аяғына ампутация жасайтынын жеткізді. Ол кісінің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы қоғамда қызу талқыланып, бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасында бірнеше маман журналистерге сұқбат берді.

Таңшолпан Бейсенбекова жүрек ақауымен туған қызын операция жасату үшін 18 желтоқсан күні кардиохирургиялық орталыққа алып келеді. Алайда, сол мезетте 11 айлық Айзияның ыстығы түспей қояды. Дереу №1 балалар ауруханасына жатқызылған сәбиге пневмония диагнозы қойылып, дәрігерлер соны емдеуге кіріседі. «Қиындық сол кезден басталды», дейді келіншек.

Таңшолпан Бейсенбекова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Аяғында ісік болды, көгерген болды. Ол кісілер аяғына тек компресс жасады. Мейірбикелер катетерды дұрыс салған жоқ. 7 күннен соң аяғы қарая бастады. Ерте жібергенде осылай болмайтын еді. Баланың жағдайы өте нашар.

Дәрігерлер Таңшолпанның айыптауына келіспейді. Себебі, дәрежесі ауыр жүрек ақауы бар Айзия мамандардың қатаң бақылауында болған.

Динат Қожекенов, №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Катетердің қойылу техникасы уақытында дұрыс жүргізілген. Катетер қоймаған күннің өзінде тромбтың түзілуі мүмкін. Жүрек ақауы бар адамдарға кез келген уақытта түзілуі мүмкін.

Қазір Айзия Ана мен бала орталығының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер «баланың өмірін сақтап қалу үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз» дейді.

Болат Нағыманов, «Ана мен бала» РҒО Ортопедия бөлімінің меңгерушісі:

- Кішігірім оң нәтиже бар. Ісігі азайды. Қан тамырлары тараған секілді. Жылу пайда болды. Бірақ, пневмания. Алдыңғы қатарға шығып жатыр. Айту қиын. Қолдан келгенді жасап жатырмыз.

Айзияға өкпе дертінің жабысуы да жығылғанға жұдырық болып тұр. Әлсіз болса да, жұдырықтай жүрек өмір үшін күресіп жатыр.

Мамандар сәби емделген екі аурухананы да тексеретінін айтты. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталған жағдайда, олардың жазасыз қалмайтынын да жеткізді. Ал, Таңшолпан дәрігердің үстінен арыз жазыпты. Дегенмен, сәбиін аман-есен үйіне алып кететініне сенімді.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу