![Головкиннің көздегені - Андре Уорд, Карл Фроч және Джордж Гроувс](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/3/article_37055.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Лос-Анджелесте WBA тұжырымы бойыншы Әлем чемпионы Геннадий Головкин мен оның промоутері Том Леффлердің қатысумен баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатында Головкиннің келесі жекпе-жегі 26-шы шілдеде Нью-Йорк қаласының Madison Square Garden (MSG) аренасында өтетіні белгілі болды. Жекпе-жекті HBO телеарнасы көрсетеді.
Том Леффлердің айтуы бойынша, әлемнің экс-чемпионы Дэниэл Гилдің өкілі Гэри Шоумен келіссөздер жүріп жатыр. Естеріңізде болса, Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) Головкинді австралиялық Джарод Флетчермен жекпе-жекке шығуға міндеттеген еді. Бұл шешімге Головкиннің командасы риза еместігін білдіріп, қауымдастық басшылығына Дэниэл Гилмен жекпе-жек өткізуге мүмкіндік беру жөнінде өтініш жолдады. Том Леффлер 26 шілдеге жоспарланған жекпе-жектің өтетініне сенетінін айтты.
Головкин мен Гил арасындаға келіссөздер сәтті аяқталса, жекпе-жек MSG-нің 20 мың адамға арналған аренасында өтеді. Қазақстандық боксшының алдыңғы кездесулері Madison Square Garden-нің 5600 көрермен сиятын театрында өткен болатын.
Айта кетер жайт, Головкин екінші орта салмаққа ауысуға және осы салмақтағы боксшылармен жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді. Боксшының командасы да бұл бастамаға қарсы емес.
Геннадий Головкин 31 мамыр күні, WBA мен IBF біріктірілген Карл Фроч пен Джордж Гроувс жекпе-жегінің жеңімпазымен және осы дивизонның мықты боксшысы саналатын Андре Уордпен де жекпе-жекке шығуға әзір екенін айтуда.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Головкиннің көздегені - Андре Уорд, Карл Фроч және Джордж Гроувс&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/86595/)