![Қазақстанда мамыр айында азық-түліктің кейбір түрі арзандады](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/3/article_37145.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Қазақстанда азық-түліктің кейбір түрлері арзандаған. Мамырдың 13-20 аралығында бағаларға мониторинг жүргізген «Қазагромаркетинг» АҚ осындай дерек ұсынды.
Атап айтқанда, қарақұмық жармасы 15%-ға, яғни келісіне 144 теңгеден 123 теңгеге дейін арзандаған. Өскеменде ұнтақ жарма бағасы 20%-ға, келісіне 138 теңгеден 110 теңгеге дейін түскен. Бұған фермерлік сауда орнында арзан өнімнің қайта сатыла бастауы себеп болған.
Үрмебұршақ Астанада 13%-ға, Павлодарда макарондар 17%-ға, Ақтөбе мен Атырауда тауық жұмыртқасы сәйкесінше 23% (10 данасы 155-тен 120 теңгеге дейін) және 17% (10 данасы 190-нан 158 теңгеге дейін) арзандады.
Азық- түліктің кейбір түрлері осылайша едәуір арзандағанымен, жеміс-жидек пен көкөніс түрлері қымбаттаған. Жүзімнің құны 10%-ға өскен. Мұның себебі сатылымдағы жемістің азаюы мен көтерме бағалардың 10%-ға көтерілуінде дейді дереккөзі. Астанада сәбіз 12%-ға, қызылша 18%-ға қымбаттаған.
Сондай-ақ, Өскеменде майшабақ 11%-ға қымбаттады. Себебі сатылымда қымбат алюторлық майшабақтың үлесі көбірек көрінеді.
|
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қазақстанда мамыр айында азық-түліктің кейбір түрі арзандады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/86685/)