Бүгін  - Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін  - Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні

12.12.2016
Бүгін  - Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні

Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының қаржы, салық және кеден қызметін қайта құру туралы» Жарлығын орындау мақсатында осы қызметтердің барлығы бір жүйеге - ҚР Қаржы министрлігіне біріктірілді. ҚР Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды. ҚР Кеден органдарының негізгі қызметі - Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шетелге шығарудың алдын алу, қару-жарақ, есірткі заттар тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және басқалар. Ең басты мақсатының бірі - кәсіби деңгейі жоғары кеден қызметінің мамандарын даярлап шығару.

25 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлығы шықты.

21 жыл бұрын (1995) ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әліге «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

20 жыл бұрын (1996) Жамбыл қаласында 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына орай Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш орнатылды.

10 жыл бұрын (2006) Қарағандыда белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері, академик Е.А.Бөкетовтың ескерткіші ашылды. Ескерткіш академиктің есімі берілген Қарағанды Мемлекеттік университеті бас корпусының алдындағы алаңда орнатылған. Ашу рәсіміне ғалымның туыстары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, ҚарМУ ардагерлері, Е.Бөкетовтың әріптестері мен оқушылары қатысты. Қола және қызыл граниттан жасалған 7 метрге жуықтайтын композицияның авторлары  - ҚР-ның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Анатолий Билык пен ҚР-ның Еңбек сіңірген сәулетшісі Станислав Мордвинцев.

е.а.букетов

5 жыл бұрын (2011) «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы жарыққа шықты. Оның тұсаукесері Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Энциклопедияға 3 мыңға жуық мақала мен 500-ден астам сурет енгізілген.

113 жыл бұрын (1903-2002) ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Араб ҒАББАСОВ дүниеге келді.

88 жыл бұрын (1928-2008) жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы, Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Шыңғыс Айтматов дүниеге келді.

87 жыл бұрын (1929-2011) актер, Қазақстанның Халық әртісі Қасым ЖӘКІБАЕВ дүниеге келді.

қасымжәкібаев

62 жыл бұрын (1954) актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Сағат ЖЫЛГЕЛДИЕВ дүниеге келді.

56 жыл бұрын (1960) «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД дүниеге келді.

құл-мұхаммед

 

Хабарламаларға жазылу