![Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/4/article_41254.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты хабарлады.
«Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Биыл мұсылман қауымы бұл мерекені 4, 5, 6 қазан күндері тойлайды. Құрбан айттың бірінші күні мешітте айт намазы оқылғаннан кейін Алланың разылығы үшін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады»,-деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды игі іс істеуге шақырды. «Мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе, қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын», - деді ол.
«Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт құтты болсын, ағайын! Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!»,-деді Бас мүфти.
Фото: muftyat.kz
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/90939/)