Ахмет Жұбанов: Майра Уәлиқызы - бұрын ер-азаматтар ғана айтып келген әндерді емін-еркін салған тамаша әнші-композитор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахмет Жұбанов: Майра Уәлиқызы - бұрын ер-азаматтар ғана айтып келген әндерді емін-еркін салған тамаша әнші-композитор

06.05.2015
Ахмет Жұбанов: Майра Уәлиқызы - бұрын ер-азаматтар ғана айтып келген әндерді емін-еркін салған тамаша әнші-композитор

Бүгін - халық әншісі, композитор Майра Шамсутдинованың туған күні.

Майра Уәлиқызы 1896 жылы 6 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген.

Атақты әншi-сазгер өзiнiң сахналық өмiрiн ерте бастайды. Тоғыз жасынан сырнай тартып, 13 жасынан әншiлiк өнерге ден қойған. Табиғи сирек кездесетiн қоңыр дауысты, диапазон жағынан «контральто» болған.

1926 жылы әйгілі этнограф-музыкант А.В.Затаевич Майраның орындауындағы «Мақпал», «Көкмайса», «Қарағым-ау», «Қаракөз», «Баянауыл», «Телқоңыр», «Даланың әні», «Құрбымжай», «Алқарағай көк», «Хұсни құрдас», «Ісмет» әндерін жазып алып, нотаға түсірген. 1931 жылы ән жинағы жарыққа шығады.

Ол - өз орындауында жаздырған «Майра», «Қызыл гүл», «Өкшесі етігімнің айнала жез», «Бақша» әндерінің авторы.

Ахмет Жұбанов «М.Уәлиқызы ауыр тұрмыстың талқысына талай түссе де тұншықпаған, бұрын ер-азаматтар ғана айтып келген «Ісмет», «Мақпал», «Телқоңыр» сынды әндерді емін-еркін салған тамаша әнші- композитор», деп атап, көпшілікке қазақ қызының өжеттігін паш еткен атақты «Майра» әнін өте жоғары бағалаған.

Жазушы Сапарғали Бегалин «Сахара сандуғаштары» атты еңбегінде «Майра Уәлиқызы өз жанынан ән шығарған композитор, әрі үйренген әнін көкейге қондыра, тыңдаушыны өзіне ұйыта, бір есіткен кісі әнді екінші есіткенше құмартып тұратындай етіп айтатын аса шебер әнші», деп жазады.

Майра Шамсутдинова қазақ, татар, орыс тілінде кәсіби орындаушылығымен таңғалдыратын. Оның әндерін композитор Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсында, Александр Зильбер «Қайта туған Қазақстан» симфониясында, Бақытжан Байқадамов «Майра» хор капелласында пайдаланды.

Оның өнеріне тәнті болған ақын, жазушы Әбділда Тәжібаев «Майра» атты драмалық пьеса жазған. Кейін бұл қойылым Мұхтар Әуезов атындағы драма театр сахнасында көрсетіліп, көрермендер қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ, оның әндері Ахмет Жұбановтың, Мақсұтбек Майшекиннің және т.б. назарына ілігіп, жазбаға түсіп өңделген. Бүгінде 20-ға жуық әні белгілі болып отыр.

Павлодарда 2001 жылдан бастап Майра Уәлиқызы атындағы ән шығармашылық мұражай үйi жұмыс істеп тұр.

Мұражай екi көрме залынан тұрады. Бiрiншi залдағы экспозиция әншінің өмiрi мен шығармашылығына арналған. Келесі экспозицияда мұражайда өтетiн түрлi мәдени шаралар мен кездесу кештерiнiң көрiнiсi көрсетілген. Онда Майра Уәлиқызының әйгiлi өнерпаздармен кездесудегi суреттерi iлінген.  

Сондай-ақ, елімізде жыл сайын Майра Уәлиқызы атындағы әнші-сазгерлер байқауы өткізіліп тұрады.

 

Хабарламаларға жазылу