Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан халқының бірлігін күшейту туралы сөз болды.
«Болашағы біртұтас ұлт» идеясын жүзеге асыру аясында ел тарихы мен мәдениетін насихаттау туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, «Астана Опера» театрының директоры Т. Әлпиев, тарих ғылымдарының докторы К. Байпақов және корей театрының директоры Л. Ни баяндады.
Елбасының 5 институционалды реформасының басты бағыттарының бірі – Қазақстан халқының бірлігі мен біртектілігін күшейту. Бұл орайда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің маңызды мақсаты — отандық мәдениет және өнердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, «ұлттың мәдени кодын» қалыптастырудың негізі ретінде тарихи-мәдени мұраларды дамыту.
Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін ведомства бірқатар көлемді жобаларды жүзеге асыруды жоспарлар отыр.
«Ұлт жоспарының 86-шы қадамына сәйкес, аймақтық мәдени-туристік кластерлерді құруға басымдылық беріледі. Ол күшті мультипликативті әсер бермек», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұндай кластерлердің қатарына «Астана – Еуразия жүрегі» «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы» жобалары жатады.
Сонымен қатар, министрлік басшысы мәдени дамудың жаңа «Мәңгілік мұра» жалпыұлттық жобасын іске қосу еліміздің тарихи-мәдени мұраларының дамуына жаңа серпін беретіндігін хабарлады.
Академик К.Байпақовтың пікірінше, бұрынғы «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру тарихты зерттеу, археология, туризмді дамытуда іркіліс жасады.