Қазақстанда тұңғыш рет оқушылар арасында ІОІ-2015 Халықаралық олимпиадасы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда тұңғыш рет оқушылар арасында ІОІ-2015 Халықаралық олимпиадасы өтеді

24.07.2015
Қазақстанда тұңғыш рет оқушылар арасында ІОІ-2015 Халықаралық олимпиадасы өтеді

Қазақстанда тұңғыш рет информатика пәнінен оқушылар арасындағы  XXVII Халықаралық олимпиадасы (ІОІ-2015 International olympiad in informatics) өтеді. Шараға әлемнің 80 елінен 630-дан астам бала қатысады. Бұл -  қатысушылардың рекордты саны, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты.

Олимпиада 2015 жылдың 26 шілдесі мен 2 тамызы аралығында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында өтеді. Ал, шараның ашылу салтанаты 27 шілде күні сағат 15:00-де Алматы қаласындағы  О.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ұйымдастырылмақ.

Информатикадан ІОІ-2015 Халықаралық олимпиадасына  Қазақстан атынан қатысатындар:

Данияр Маминов -  информатика пәнінен Еуразиялық олимпиадасының күміс медаль, Халықаралық олимпиаданың қола медаль,  математика, физика, информатика пәндері бойынша Жәутіков олимпиадасының күміс медаль иегері;

Мейрамбек Өмірзақ  - информатика пәнінен Еуразиялық олимпиадасының күміс медаль, математика, физика, информатика пәндері бойынша Жәутіков олимпиадасының күміс медаль иегері;

Бекжан Бекболатұлы - информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль иегері;

Алтыбай Назарбек -  информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль иегері.

ІОІ-2015  ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.

Айта кетейік, ІОІ-2015 International olympiad in informatics - 1989 жылдан бастап ЮНЕСКО аясында өткізілетін оқушылар арасындағы ең беделді зияткерлік сайыс. Олимпиаданың беделі мен танылуы жағынан математика пәні бойынша халықаралық олимпиада IMO-ға тең. 

 

ФОТО: wikimapia.org

Хабарламаларға жазылу