Қ. Мусин: Алимент төлемегендер көлік жүргізу құқығынан айырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ. Мусин: Алимент төлемегендер көлік жүргізу құқығынан айырылады

24.07.2015
Қ. Мусин: Алимент төлемегендер көлік жүргізу құқығынан айырылады

Астанада алиментті қасақана төлемейтін «әкелер» енді жүргізуші құқығынан айырылатын болады. Бүгін брифингте Астана қалалық Әділет департаментінің басшысы Қанат Мусин осындай шараның қабылданатынын айтып, оның борышкерлер үшін мейлінше әсерлі болатынын мәлім етті. 

«Біздің департамент алиментті қасақана төлемей жүрген борышкерлердің жүргізуші құқығын тоқтату жөніндегі практиканы зерделеп жатыр. Бұл - қарызы барлар үшін мейлінше әсер ететін тетік. Осындай тәжірибе бұған дейін Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қолданылған әрі тиімділігін көрсеткен», - деді бүгін брифинг барысында департамент басшысы. 

Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда сот орындаушылары алимент төлемей жүрген 1484 елордалық азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының аумағынан шығуын шектеу туралы шараларды енгізген. Департамент басшысының сөзіне қарағанда, тұрғылықты мекен жайын анықтау мүмкін болмайтын алименттік борышкерлерге сот арқылы іздеу жарияланады. 

«Жалпы 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында сот орындаушыларының жұмысында жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеден асатын әкімшілік айыппұлды өндіру бойынша 36 мың 779 атқару өндірісінің материалдары болды. Соның ішінде, 1,5 млрд теңгені құрайтын 19 054 құжат қаралды. Біз әкімшілік айыппұлдарды өндіру ісін белсенді ете түсу мақсатында жол полициясы басқармасы органдарымен тығыз өзара әрекеттестік қамтамасыз етудеміз. Жол полициясымен бірге қарызы барларды ұстау және олардың автокөліктерін айыппұл тұрағына қою бағытында бірлескен рейдтік шаралар атқарылуда», - деді Қанат Мусин. 

 

Хабарламаларға жазылу