Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі және Еуропалық комиссия, «Махаон Интернешенел» (Словакия) компаниясы арасында жасалған ауыл туризмін дамыту жөніндегі ынтымақтастық меморандумы аясында Катонқарағай ауданының Берел қорық-мұражайында «Көшпенділер» атты лэнд-арт симпозиумы өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Айта кетейік, лэнд-арт жанрындағы симпозиум елімізде тұңғыш рет өткізілді. Ерекшелігі бұл жанрды жанына серік еткен суретшілер тек қана табиғи дүниелерді пайдаланады.
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында бес елден (Ресей, Беларусь, Словакия, Словения мен Қырғыз Республикасы) арнайы келген суретшілер Берел қорығы аумағында бір апта бойы жасаған туындыларын жұртшылық назарына ұсынды.
Суретшілердің қолынан шыққан 14 туындының тақырыбы – көшпенділер өмірі. Суретшілердің бірі сақ қорғандарынан табылған атты бейнелесе, енді бірі шамандардың тұрғын жайын, бірі жаугершілік заманда қолданылған дабыл қағатын орынды туындысына арқау еткен.