Мағауия Сембайдың «Құбылыс» атты жинағы жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мағауия Сембайдың «Құбылыс» атты жинағы жарық көрді

12.08.2015
Мағауия Сембайдың  «Құбылыс» атты жинағы жарық көрді

Астанадағы «Фолиант» баспасынан танымал журналист, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» басылымының бас редакторы Мағауия Сембайдың «Құбылыс» атты жинағы жарық көрді.  Қаламгердің бұл жинағы – қоғам мен адамның айықпас дертінің диагнозы. Ескі қоғам мен жаңа заман арасындағы қарама-қайшы құбылыстарға пәлсафалық ой, жанды диалогтар арқылы тосыннан оралады.

Тұлғалар тағдыры арқылы дәуір тынысын айшықтай отырып, Алаш ардақтыларының арда болмысымен азаматтық қоғамның ажарын аша түседі.  Көшелі көшпелілердің ата кәсібіне арқау болған проблемалық мақалалар кітаптың «Түліктер» бөлімінде көрініс тапқан.

Кітап қаламгердің басынан өткен боямасыз оқиғалар негізінде жазылған. Жазбалардың тілі жеңіл, ойы терең, мазмұны бай. Жинақ «Тұлғалар», «Ой-тамызық» және «Түліктер» деген бөлімдерден тұрады.

Біздің анықтама:

Мағауия Сембай – 1955 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы   ауданындағы Аққора ауылында дүниеге келген.  1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистік қызметін Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бастайды.

Мұнда қатардағы тілшіден бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің аға тілшісі, Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1997 жылдан «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы.

«Жауынгер қыздар» - «Боевые подруги» (1995), «Қолыма қалам алдым айтамын деп...» (2005) және «Алаштың алдаспаны» (2010) жинақтарының авторы.  Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1980), Г.Толмачев атындағы республикалық байқаудың «2009 жылғы таңдаулы БАҚ редакторы» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2009).

Хабарламаларға жазылу