Америкалық әнші, продюсер, актриса, режиссер және сценарист Мадонна Луиза Чикконе (Madonna Louise Ciccone) 1958 жылы 16 тамызда АҚШ-тың Мичиган штатындағы Бэй-Сити қаласында дүниеге келген. Бүгінде ол әлемнің ең үздік әншілерінің бірі.
Үнемі акцияларға, концерттерге, жобаларға қатысып жүретін әнші түрлі қайырымдылық және құқық қорғау ұйымдарының белсенді мүшесі. Мадоннаның шығармашылық жолында қуанышты сәттермен қатар, түрлі кедергілер де болды. Алайда, ол ешбір қиындыққа мойымады.
Мектепті тәмамдаған соң Мадонна Мичиган университетінде биден дәріс алған. Ал, әншілік жолын 1979 жылы нью-йорктік рок тобының құрамында барабаншы болудан бастайды. Одан кейін гитарада ойнап, вокалды үйренді, кейін өз туындыларын да шығара бастады.
1983 жылы 19 миллион таралыммен әншінің «Like A Virgin» атты алғашқы альбомы сатылымға түсті. Осыдан кейін Мадоннаның атағы әлемнің әр түкпірінде дүркірей бастайды.
Шығармашылық жолында Мадонна музыканың әр жанрында бағын сынап көрді. Түрлі жүлделердің иегері атанды. Әншінің қоржынында жеті «Грэмми» жүлдесі бар. Мадонна сонымен қатар, 20-дан астам фильмге түскен.
Ал, 2004 жылы әншінің балалар жазушысы ретінде тағы бір қыры танылды. Оның «Ағылшын раушандары» кітабы тез таралған туынды болғандықтан, кейін тағы бес кітабы жарық көрген. 2007 жылы кинорежиссерлікке бет бұрған Мадонна «Ұят пен ақыл» атты романтикалық комедия түсірді.