Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, Астана қалалық әкімдігінің халықаралық серіктестік бөлімі өкілдері мен Корей Республикасының орман шаруашылығы қызметі өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – Корея достық бақшасын» ашу туралы келіссөздер жүргізілді.
Достық бақшасын құру мақсаты - серіктестікті нығайту және Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс орындарын дамыту болып табылады.
Кеңес қорытындысы бойынша, Астана қаласының әкімдігі мен Корей Республикасының орман шаруашылығы қызметі арасында «Қазақстан – Корея достық бақшасы» жасыл аумағын құрудағы серіктестік бойынша өзара келісім туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.