Венеция халықаралық кинофестивалі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венеция халықаралық кинофестивалі

02.09.2015
Венеция халықаралық кинофестивалі

Венеция халықаралық кинофестивалі (итал. Mostra Internazionale d’Arte Cinematografica) италиялық диктатор Бенито Муссолинидің ұсынысымен 1932 жылы 2 қыркүйектен бастап атап өтіліп келеді.

Mostra Internazionale d’Arte Cinematografica – халықаралық кинофестивальдердің ең көнесі әрі киногерлер үшін айтулы мереке. Фестивальді тойлау жыл сайын күз мезгілінде Италияның Лидо аралында екі аптаға дейін созылады.

Венеция кинофестивалінде негізінен бұрын-соңды еш жерде көрсетілмеген әрі ешқандай фестивальге қатыспаған толықметражды көркем фильмдер халық назарына ұсынылады.  Әдетте, бұл бағыттағы картиналар саны 20-дан аспайды. Оларды фестиваль директоры, бес адамнан құралған сарапшылар  тобы және бірнеше шетелдік кеңесшілер таңдайды.

Таңдалған фильмдер тізімі ресми хабарланғанша өте қатаң құпияда сақталады. Фестивальдің негізгі сынына қазылық етуге 7-9 адам қатысады. Олар: кинематография, мәдениет, өнер саласының қайраткерлері.

Фестивальдің бас жүлдесі «Алтын арыстан» «Ең үздік фильмге» беріледі. Ал, «Күміс арыстан» жүлдесі үздік режиссерға табысталады.  Вольпи кубогы  «Ең үздік ер рөлі» мен «Ең үздік әйел рөліне» лайықтарға берілсе,  Марчелло Мастроянни жүлдесі ең жас үздік актер немесе актрисаға ұсынылады. Osella – ең үздік сценарий, үздік операторлық жұмыс, үздік техникалық қабілет үшін беріледі.

Сонымен қатар, қазылар алқасының арнайы жүлдесі қазылардың көңілі түскен ең мықты режиссер, актер немесе актрисаға беріледі.

Сондай-ақ, жас кинематографистердің бірінші және екінші жұмыстары да жүлдесіз қалмайды. Фестивальдің барлық секцияларының жұмысы нәтижесінде Луиджи Ди Лаурентис жүлдесі де тапсырылады.

Фестиваль пайда болғалы бері көптеген танылмал режиссер, актер, операторлар жүлдеге ие  болған. Олардың ішіндегі жүлдесі ең көп – Лукино Висконти (қатарынан бес рет бас жүлдені жеңіп алған).  Луи Маль, Жан-Люк Годар, Роберт Флаэрти және Элиа Казандар да жиі жүлделі болатындардың қатарында.

Айта кету керек, фестивальдің өзге де маңызды бөлімдері бар. «Көкжиек» (Orizzonti) бағдарламасына  кинематография саласының   даму тенденцияларын көрсететін ойын және деректі фильмдер қатыстырылады.

Қысқаметражды фильмдер конкурсына (Corto Cortissimo) ойын және анимациялық қысқаметражды фильмдер ұсынылады.

Сонымен қатар, фестивальдің ағымдағы жылы шыққан әлемдік премьералар ұсынылатын  конкурстан тыс көрсетілімдер, Тәуелсіз және параллелді кинолар секциясы, Халықаралық сын аптасы (Settimana Internazionale della Critica), Авторлық кино конкурсы (Giornate degli Autori) сынды маңызды бөлімдері бар.

Хабарламаларға жазылу