Бүгін – жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әкім Таразидің туған күні. Ол 30-ға жуық кітаптың авторы. Туындылары бірнеше тілге аударылған.
Әкім Тарази - 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 1955 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын тәмамдаған.
«Құйрықты жұлдыз», «Тәж», «Тасжарған», «Қыз махаббаты» сынды роман, повестердің авторы.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да, жазушы өзімді жігіттей сезінемін дейді.
«Балалар 80-ге келіпсіз дейді. Содан кейін мойындаймын. Әйтпесе өзім жасымды сезіп жүрген жоқпын. Жастың ұлғайғаны – адамға жігер береді екен. Өмірдің құнын, бағасын бұрынғыдан да артық білесің. Өмір сүргің келеді», - дейді ол.
Әкім Тарази бүгінде Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде ұстаздық қызметте.
Жазушының сұхбатын толығырақ «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.