Шара барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды, олар - Алматы әкімдігі мен Казкоммерцбанктің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша мемлекеттік - жеке серіктестік меморандумы, сонымен қатар Наурызбай ауданында 1200 орынды мектеп құрылысын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы келісім.
Осылайша, білім мекемелері түгелдей дерлік жеке қаржы есебінен салынып, қала теңгеріміне беріледі.
Әкім бүгінгі оқиғаның маңыздылығын және қала мен жалпы еліміздің экономикасын дамытуда кәсіпкерлердің локомотивтік рөл атқаратынына ерекше тоқталды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік жауапкершілік компаниялардың қайырымдылық қабілетін ғана емес, олардың іскерлік беделін де арттырады. Біз әлеуметтік жобаларға дайын ірі бизнеске арқа сүйеуге тиіспіз. Атқарушы биліктің міндеті - кәсіпкерлердің нәтижелі жұмысына жағдай жасау. Сондықтан, барлық әкімшілік процесстерді барынша қарапайым ету қажет. Біздің барлығымыз азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүдделіміз», - деді Б.Байбек.
Қала басшысы бизнес-қоғамдастықтың әлеуметтік белсенділігінің артуы арқасында қазіргі кезде хайуанаттар паркін жаңа деңгейге көтеру, Ботаникалық бақты қалпына келтіру сияқты қалалық жобалар бойынша зерттеу жұмыстары мен келіссөздердің жүріп жатқандығын жеткізді.
Өз кезектерінде, Казкоммерцбанк Алматы қаласының 2017-2019 жылдарғы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым нысандарын дамыту, кіші және орта бизнесті қаржыландыру, мәдениет пен қайырымдылыққа демеушілік көрсету үшін 300 млрд. теңге қаржы бөлетіндігін айтты.