ОҚО Ордабасы ауданындағы 8 жылыжайда есірткі өсірілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО Ордабасы ауданындағы 8 жылыжайда есірткі өсірілген

10.09.2015
ОҚО Ордабасы ауданындағы 8 жылыжайда есірткі өсірілген

Оңтүстіктің Ордабасы ауданында есірткі тектес өсімдік егілген жылыжайлар табылды. Егіс Ынталы ауылында болған. Бұл туралы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жылыжайды 8 қыркүйек күні «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Ордабасы аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкерлері тапқан.

Полицейлер жылыжайларды қарап, тексеру барысында құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған қарасораны анықтады. Өсімдіктерді заңсыз егіп, өсірумен айналысты деген күдікпен 34 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталған. Күдікті осы өсімдіктерден есірткі заттарын жасап келген. Ол істеген ісін мойындап отыр.

Жылыжайлардың ішінен 504 түп қарасора өсімдігі тәркіленді. Аталған түптерді полицейлер сот-криминалистік сараптауға жіберген. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 3 тоннадан асатыны анықталды.

Қазіргі таңда аталған іс бойынша Қылмыстық Кодекстің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Хабарламаларға жазылу