«Намыс дода»: біздің құрама бағындыратын жаңа белестер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Намыс дода»: біздің құрама бағындыратын жаңа белестер

22.09.2015
«Намыс дода»: біздің құрама бағындыратын жаңа белестер

Осы жылы жоба ережелері өзгерді. Енді оған қатысушылар әрбір ойынға және әрбір сайысқа қатысуға міндетті. Бұдан бұрын «Чемпион қабырғасы» ойыны ұпай санын түгендеу кезінде шешуші, әрі маңызды кезең болатын. Ал осы маусымда ұпай саны әр ойын аяқталғаннан кейін есептеліп, ең соңында барлық кезеңдер бойынша жалпы ұпай саны шығарылады.

Естеріңізге сала кетейік, «Намыс дода» ойынының түсірілімдері алғаш рет Хайнань аралығында орналасқан Қытайдың Хайкоу қаласында өткізілді. Қазақстан құрамасының қарсыластары Қытай, Венгрия, Франция және Алжир. Бұл ретте, 2007 жылы өткізілген турнирде Қазақстан төртінші орынды, 2008 жылы жүлделі екінші орынды иеленсе, ал 2012 жылы жеңімпаз атанып, бас жүлдені ұтып алған болатын.

Бұл маусымдағы қазақстандық құраманың бас бапкері аралас жекпе-жек бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуразия және Азия чемпионы, ММА бойынша әлем кубогының иегері Ардақ Назаров.

Қатысушылардың құрамында Қазақстанның белсенді және танымал өкілдері: олимпиада чемпиондары, әртүрлі спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары, өнер зиялылары және басқалары да қатысады.

Қазақстанның құрамында ел намысын қорғайтындар негізінен түрлі жекпе-жек өкілдері. Мысалы, сайыстарға Қазақстанның бокс бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы және Лондонда өткен Олимпиада қатысушысы Саида Хасенова, жас кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров, Қазақстанның жастар құрамасының волейболшысы Әлия Батқұлдина, самбо бойынша екі дүркін әлем чемпионы Райса Байлиева және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, ойынға қатысушыларға қазақстандық танымал өнер жұлдыздары қолдау көрсетті.

Жобаның аудиториясын олимпиада ойындарымен салыстыруға болады. Ойын аудиториясы екі миллиард адамды құрайды! Бұл телевизия дамуының барлық әлемдік тенденцияларына сәйкес келетін үлкен көлемдегі және жоғары сападағы отандық телевизиядағы жалғыз шоу. Еліміздің осындай көлемдегі халықаралық жобаға қатысуы республикамыз үшін ірі оқиға болып саналады. 

«Намыс дода» жобасының продюсері Алтынбек Рахметов: «Ойынның басталуына екі апта қалғанда қатысушылардың құжаттарын (олардың жалпы саны тоқсанға жуық) рәсімдеуден бастап, Қытайға барғанға дейін біршама қиындықтар туындады. Жалпы, Қытайға ұшу әртүрлі жерлерде тоқтаумен он бес сағат уақытымызды алды. «Намыс доданың» түсірілімі Рамазан айында өтті. Ойынға қатысушылардың тең жартысы ораза тұтқан еді. Хайнань аралында көлеңкенің өзінде температура 50 градус ыстық болды. Бұл жолы қарсыластарымыз бәрімізді қатты таң қалдырды. Ойынға жақсы дайындалғандары көрініп тұрды. Алайда, ешбір қиындықтарға қарамастан, біздің қатысушыларымыз ел намысын қолдан бермеуге барын салды. Көптеген күрделі кезеңдер, қызықты ойындар болды. Өз тарапымыздан көрермендерге тосын сый жасадық, бұны телеарна эфирінен біле аласыздар».

«Намыс дода» тележобасын «Қазақстан» телеарнасының эфирінен 2-қазаннан бастап жұма күндері сағат 21.05-те, жексенбі күні сағат 15.00-де қайталауын тамашалауға болады.

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу