Бүгін - Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні

28.09.2015
Бүгін - Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні

Бүгін күллі әлемге Абайды танытып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер Мұхтар Әуезовтың туған күні. Сол дәуірдегі халықтың тыныс-тіршілігін, қарым-қарекетін, болмыс-бітімін дәл суреттеген жазушының шығармалары мол тағылымға ие.  

Бала Мұхтар алғашқы сауатын медреседе ашты. 13 жасында өзінің «Дауа» атты шығармасын да жазды. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, Ойқұдық жайлауында алғаш рет сахналады. XX ғасырдың басындағы Ресейдегі саяси төңкерістер жазушының өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болды.

Мұхтар Омарханұлы әдебиетпен қатар, қоғамдық қызметтерге де белін бекем буып кірісті. 1922 жылы Ташкенттегі Орталық Азия университетіне түсіп,  әдебиетке етене араласты. «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Оқыған азамат» сынды әңгімелері бірінен соң бірі шыға бастады.

Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза  биыл 83 жасқа толды. 1955 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген соң жазушылық майданның ортасына еніп кетті. 40 жылға жуық ғұмырын журналистикаға арнады,  талай жауапты қызметтер атқарды. Халық депутатынан бастап, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Шерхан Мұртаза «Қара маржан» романы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Тұңғыш кітабы «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарияланған очерктер жинағы еді. Қаламгер аудармамен де етене айналысты. Шыңғыс  Айтматовтың бірнеше шығармасын ана тілімізде сөйлетті. «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Бесінші бұрыш» пьесаларының  авторы.

Көзі тірі болғанда бүгін жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкей 78 жасқа келер еді. Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.  Әкесі еңбек майданына аттанып, анасы аман оралсын деп, баласының атын Оралхан қойыпты.

Оралхан Бөкей еңбек жолын аудандық газеттен бастады. Оның журналист, жазушы болып қалыптасуында Шерхан Мұртазаның ағалық қамқорлығы ерекше. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған отты көріп, оны Алматыға әкелді. Әкелді де қаламгерлердің қалың ортасына салып кеп жіберді.

Оралхан Бөкейдің шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылды. Бірнеше шығармасына кино түсірілді.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу